Конституциялық Сот: ата-аналар туралы жазбаға дау айту құқығы тікелей мүддесі қозғалатын тұлғалардың шектеулі тобына тиесілі

Конституциялық Сот: ата-аналар туралы жазбаға дау айту құқығы тікелей мүддесі қозғалатын тұлғалардың шектеулі тобына тиесілі

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Конституциялық Сотқа «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 51-бабы 1-тармағының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 қарашадағы №16 нормативтік қаулысының 14-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.

Өтініш иесі әпкесі қайтыс болғаннан кейін мұра рәсімдеу барысында оның анасы ретінде басқа тұлға көрсетілген жазбаның бар екенін анықтаған. Аталған жазба биологиялық шығу тегіне сәйкес келмейді деп есептеп, ол оны жою туралы талаппен сотқа жүгінген. Алайда соттар заңда белгіленген мұндай жазбаларды даулауға уәкілетті адамдар тобына сүйене отырып, талапты қанағаттандырмаған.

Өтініш иесінің пікірінше, қолданыстағы құқықтық реттеу оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігін шектейді.

Конституциялық Сот дауланып отырған нормалар баланың құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ оның шығу тегін айқындауға тікелей қатысы бар тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Заңнамамен айқындалған субъектілер шеңбері мұндай даулардың сипатына және отбасылық-құқықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігіне байланысты белгіленген.

Конституциялық Сот сондай-ақ өтініш уәждері тиісті талаптарды қою құқығы берілген адамдар тобын кеңейте түсіндіруге негізделгенін, ал нормалардың өзінде айқын еместік жоқ екенін және заңда көзделген нысандарда сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыруға кедергі келтірмейтінін көрсетті.