Конституциялық Сот жеке еңбек даулары бойынша сотқа жүгіну мерзімдерін тексереді

Конституциялық Сот жеке еңбек даулары бойынша сотқа жүгіну мерзімдерін тексереді

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 160-бабы бесінші бөлігінің бірінші және екінші абзацтарын, Азаматтық процестік кодекстің 455-бабының екінші және үшінші бөліктерін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 8 желтоқсандағы №12 нормативтік қаулысының 1-тармағын Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдады. Бұл нормалар жеке еңбек даулары бойынша сотқа жүгіну мерзімдерін және жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау негіздерін реттейді.

Өтініш иесі жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша белгіленген үш айлық мерзім оны басқа еңбек даулары санаттарымен салыстырғанда тең емес жағдайға қоятынын, өйткені өзге еңбек даулары үшін бір жылдық мерзім көзделгенін, ал еңбекке қатысы жоқ дауларға қатысушылар үшін талап қоюдың жалпы үш жылдық мерзімі қолданылатынын атап көрсетеді. Сонымен қатар, ол сот актілерін қайта қарау негіздерінің қатарында соттың заңды күшіне енген шешімімен адамның кінәсіздігі танылуы көзделмегеніне назар аударады.

Конституциялық Сот көрсетілген уәждерді ескере отырып, дауланып отырған нормалардың Конституцияға сәйкестігін тексереді.

Норманың Конституцияға сәйкестігін тексерудің барысы мен қорытындылары туралы ақпарат Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланатын болады.