Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сотқа Азаматтық кодекстің 306-бабы 2-тармағының және Жоғарғы Соттың сақтандыру мәселелері бойынша нормативтік қаулысының 35-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, өтініш беруші автокөлік сатып алу үшін банктік қарыз шартына, сондай-ақ банк пайда алушы ретінде көрсетілген көлік құралын ерікті сақтандыру шартына отырған. Сақтандыру жағдайы туындағаннан кейін бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар банк пайдасына сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Өтініш беруші дауланып отырған нормалар оның сот арқылы қорғалу құқығын және заң алдындағы теңдік қағидатын бұзады деп есептеген.
Конституциялық Сот бұл мәселе бойынша өзінің құқықтық ұстанымын бұрын, 2023 жылғы 16 мамырдағы №13-НҚ нормативтік қаулысында айқындағанын көрсетті. Атап айтқанда, сот арқылы қорғалу құқығы сот төрелігіне қол жеткізуді және істің заңда белгіленген тәртіппен қаралуын білдіреді, ал заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау тек ерекше жағдайларда ғана мүмкін және Конституциялық Соттың құзыретіне жатпайды.
Конституциялық Сот өтініш беруші өз құқықтарын қорғаудың заңнамада көзделген барлық тәсілдерін, оның ішінде сотта қаралуын пайдаланғанын атап өтті. Осыған байланысты соттар бағалаған нақты мән-жайларға сілтеме жасай отырып, қабылданған сот шешімдерімен келіспеу конституциялық бақылау үшін негіз бола алмайды.