Конституциялық Сот: дауланып отырған акт күшін жойған жағдайда өтініш қарауға қабылданбайды

Конституциялық Сот: дауланып отырған акт күшін жойған жағдайда өтініш қарауға қабылданбайды

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Конституциялық Сотқа «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 64-бабы 1-тармағының 3) тармақшасының, сондай-ақ «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) және 13) тармақшаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.  

Өтініш беруші бұрын ішкі істер органдарынан босатылған және кейіннен қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған. 2023 жылы ол полиция департаментіне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішпен жүгінген, алайда бас тарту жауабын алған. Үш сот сатысы аталған бас тартуды заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап-арызды қанағаттандырусыз қалдырған.

Конституциялық Сот бұған дейін «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 64-бабы 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексергенін атап өтті. Қарау қорытындысы бойынша 2023 жылғы 27 наурыздағы №5 нормативтік қаулы қабылданып, онда аталған норма Конституциялық Сот берген түсіндірме аясында Конституцияға сәйкес деп танылған. Кейіннен бұл Заңның күші 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жойылған.  

Сонымен қатар, өтініш беруші даулаған «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның нормалары жалпы юрисдикциядағы соттармен оның ісі бойынша қолданылмаған. Өтініш беруші жұмыстан босату туралы бұйрықты азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен дауламаған.

Келтірілген мән-жайларға байланысты Конституциялық Сот өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты.