
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 50-бабы 4-тармағының конституциялылығын тексеру туралы өтінішті қарады.
Өтініш субъектісі дау айтып отырған Банктер туралы заңның нормасы банк құпиясын құрайтын мәліметтер клиенттің өзіне не шот иесінің жазбаша келісімімен немесе заңда көзделген өзге де негіз бойынша үшінші тұлғаларға ғана ашылуы мүмкін екенін айтады.
Өтініштің мән-жайы
Өтініш берушіге жұбайымен некесі бұзылғаннан кейін бұрынғы жұбайының банктік шоттарының бар-жоғы және олар бойынша екінші деңгейдегі банктердегі ақша қаражаты қозғалысы туралы ақпаратты алу мүмкін болмағаны хабарланады.
Банктер туралы заңға сәйкес банк құпиясы режиміне сілтеме жасап, банктер мұндай мәліметтерді беруден бас тартқан. Бірінші сатыдағы сот та өтініш берушінің банктерге тиісті ақпаратты беру міндетін жүктеу туралы талап қоюына қатысты үшінші тұлғаға банк құпиясын ашу үшін шот иесінің жазбаша келісімінің және құқықтық негіздердің жоқ екенін көрсетіп, оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Өтініш субъектісінің пікірінше, мұндай заңнамалық реттеу ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен мүлкіне өз құқығын іске асыруға мүмкіндік бермей, тең емес жағдай туғызады, бұл заң алдында бәрі тең, меншікті және отбасын қорғау секілді конституциялық қағидаттарға қайшы келеді.
Конституциялық Соттың ұстанымы
Конституциялық іс жүргізу қорытындысы бойынша Конституциялық Сот мынадай құқықтық ұстанымдарға келді.
Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңнамасы ерлі-зайыптылардың құқықтарының тең болуы, оның ішінде олардың мүліктік құқықтарының теңдігі қағидатын негізге алады.
Конституция әркімге жеке өміріне қол сұғылмауы, ананың, әке мен баланың қорғалуы, сондай-ақ жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы құқығына кепілдік береді.
Конституциялық Сот банк салымдарының құпиясы құқығы дербес конституциялық құқық болып табылатынын және әрбір адамға отбасылық мәртебесіне қарамастан қолданылатынын атап өтті.
Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарда тең болуы олардың әрқайсысының өзінің құқық субъектілігін, жеке дербестігін және жеке өмірін қорғау құқығын жоғалту дегенді білдірмейді, сондай-ақ әркім үшін Конституция мен заңдарда белгіленген құпиялылық режимдерін жоймайды.
Заңнамада банк құпиясын қорғау мен ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын іске асыру арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін құқықтық тетіктер көзделген. Атап айтқанда, соттар банк құпиясын құрайтын мәліметтерді өздерінің іс жүргізуіндегі істер бойынша талап етіп алдыруға құқылы. Бұл бір жағынан, жеке өмірге өз бетінше араласқаны үшін сот бақылауын қамтамасыз етуге және екінші жағынан, жеке мүдделер мен әркімінің конституциялық құқықтарын қорғау арасында теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
Конституциялық Соттың қорытындылары
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының 4-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деген қорытындыға келді.
Қосымша айта кету керек, 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заң осы жылдың 19 наурызынан бастап күшіне енеді және онда ұқсас ережелер бекітілген (69-бап).
КС нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/984608?lang=kk