Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты азаматтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыруды қолдану жөніндегі сот практикасын реттейтін норманың Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» 2015 жылғы 2 қазандағы № 6 нормативтік қаулысының 9-тармағының бірінші абзацын тексеру туралы өтініш қарауға негіз болды.
Өтініште көтерілген конституциялық мәселе Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру құқықтарын іске асыруға ықпал ететін ережелерді белгілеуге құқылы ма, әлде мұндай мәселелерді тек Парламент қабылдайтын заң ғана реттеуі тиіс пе деген мәселеге қатысты.
Өтініш иесінің ұстанымы
Өтініш иесінің пікірінше, аталған норма Конституцияның 39-бабы 1-тармағына қайшы келеді. Оның пайымдауынша, шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығын және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру мүмкіндігін белгілеу немесе шектеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің құзыретіне жатады.
Істің мән-жайы
Ақтөбе қаласының № 2 соты 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен өтініш иесінің жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Отырысқа қатысушылар
Отырысқа өтініш иесі, Бас прокуратураның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Республикалық адвокаттар алқасының, Әділет министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының, заңнама және құқықтық ақпарат, парламентаризм институттарының өкілдері, сондай-ақ сарапшы қатысты.
Баяндамашы судья: Е.Ә. Оңғарбаев
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес Конституциялық Соттың ресми сайтында, сондай-ақ «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады.