
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова 5-7 наурыз күндері Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венециандық комиссия) 146-пленарлық сессиясының жұмысына қатысты.
Пленарлық сессия жұмысына Венециандық комиссия мүшелері, конституциялық соттардың төрағалары мен судьялары, әділет министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ 49-дан астам елдің жетекші заңгерлері мен ғалымдары қатысты.
Отырысқа сондай-ақ Еуропа Кеңесі органдарының өкілдері, соның ішінде Министрлер комитеті, Парламенттік ассамблея және Еуропа Кеңесінің жергілікті және өңірлік билік органдарының Конгресі қатысты.
Сессия барысында Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсемен пікір алмасу өтті.
Комиссия алты мемлекетке қатысты дайындалған бірқатар қорытындыларды қарады. Атап айтқанда:
Финляндия Конституциясына сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қатысты түзетулер жобасы;
Литваның Ұлттық радио және теледидар туралы заң жобасына енгізілген және қабылданған түзетулері;
Молдова Республикасының сайлаудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған заңнамалық түзетулері;
Перудегі сот билігі саласындағы конституциялық және заңнамалық реформалары;
Польша судьяларының мәртебесі туралы заң жобасы;
Словакия Республикасының құқықты теріс пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке қатысты заңнамалық түзетулердің жобасы.
Сонымен қатар, Комиссия еуропалық конституциялық соттар мен халықаралық трибуналдардың прецеденттік тәжірибесі аясында зорлық-зомбылық сипатындағы порнография контекстінде негізгі құқықтар мен бостандықтардың теңгерімі туралы аралық баяндаманың жобасын талқылады.
Сондай-ақ Молдова Республикасы Конституциялық соты үшін дайындалған amicus curiae қорытындысы қаралды. Онда конституциялық емес деп танылған саяси партиялардың құқықтық мұрагері болып табылатын партиялардың мәртебесі және оларға қатысты шараларды қолдану мәселелері талданған.
Отырыс барысында Венециандық комиссия 2025 жылғы қызметі туралы жыл сайынғы есебін ұсынды. Құжатқа сәйкес, есепті кезеңде Комиссия 19 мемлекетке, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот пен Адам құқықтары жөніндегі Америкааралық сотқа қатысты 45 қорытынды мен amicus curiae сараптамалық пікірін қараған.