Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысы бойынша негізгі қорытындылар

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысы бойынша негізгі қорытындылар

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысы өз жұмысын аяқтады. Отырыс барысында Қазақстанның көптеген белгілі саяси және қоғам қайраткерлері Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістерге қатысты өз пікірлерін, ұсыныстары мен ескертулерін білдірді.

Парламенттік фракциялардың лидерлері бір палаталы Парламентке көшу бастамасын қолдады. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу және саяси партиялардың рөлін күшейту конституциялық реформаның негізгі тетіктеріне айналады.

«Барлық заңдар бір Парламенттің шеңберінде үш оқылымнан өтеді: алғашқы екеуі ашық форматта, үшіншісі Конституция мен ұлттық заңнамаға сәйкестігін тексеру үшін өткізіледі. Бұл мүдделік қолдау ықпалы мен жеке мүдделердің әсерін толықтай жоққа шығарады», – деді депутат.

Сондай-ақ ол пропорционалды сайлау жүйесі мен партияішілік праймериздердің маңыздылығына назар аударды. Аталған тетіктер сайлаушылар мен Парламенттің құрамы арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді.

«Партия әрбір дауыс үшін, оның ішінде тәуелсіз азаматтың дауысы үшін де күреседі, бұл қоғам алдындағы жауапкершілікті арттырады», – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев конституциялық реформа аясында қабылданатын әрбір норма болашақ ұрпақтың өмір сүру жағдайына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Ең шалғай ауылдардың өзінде тұрғындар Парламент пен Үкіметтің жұмысына жіті назар аударып отыр. Конституциялық реформа бойынша түскен екі мыңнан астам ұсыныс жай ғана статистика емес. Бұл қоғамның жаңғыруға, демократиялық бастамаларды күшейтуге және әділеттілікке деген тікелей сұранысы», – деді ол.

Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов конституциялық реформаның мақсаты мемлекеттік билікті неғұрлым ашық, қоғам алдында есеп беріп, оны азаматтарға жақындату екендігін атап өтті.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров жүргізіліп жатқан реформалар бағытын қолдады. Оның пікірінше, институттарды нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және нормативтік иерархияның айқындығы мемлекеттің орнықты дамуы мен биліктің заңдылығының негізгі шарттары болып табылады.

«Экономика институттар нығайған, құқық үстемдігі орныққан, нормативтік иерархия айқын әрі мемлекеттік басқару мәдениеті ережелер мен рәсімдерге негізделген жерде өседі», – деп атап өтті депутат.

Ол 2019 жылдан бері Қазақстанда институционалдық кемелденуге бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып келе жатқанын еске салды: саяси жүйе жаңғыртылды, саяси қатысу тетіктері кеңейтілді, партиялар мен азаматтық қоғамның рөлі күшейтілді.

«Конституциялық реформа – ел дамуының бұрыннан айқындалған бағытының қисынды жалғасы. Оның негізділігі мемлекеттік жүйеде сенімнің, жауапкершіліктің және жеделдіктің артуынан көрініс табады», – деп қорытындылады Айдарбек Қожаназаров. 

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов бір палаталы Парламентке көшу ұсынысын елді жаңғыртудың маңызды элементтерінің бірі деп атады.

Оның пікірінше, осындай модель партиялық-саяси дискуссияны жандандырып, саяси партиялардың мемлекеттік саясатқа әсерін күшейтуге мүмкіндік береді.

«Бір палаталы Парламенттегі пропорционалды сайлау жүйесі, сөзсіз, саяси партияларды күшейтуді, олардың мемлекеттік саясатқа ықпалын арттыруды білдіреді. Көппартиялық өкілдік – өкілдік демократияның көрсеткіші әрі саяси жүйенің тұрақтылығының негізі болып табылады», – деп мәлімдеді Магеррам Магеррамов.

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев бүгінгі күнге дейін мемлекеттік билік жүйесінде бір палаталы Парламенттің өкілеттігін күшейту бойынша оңтайлы шешімдер әзірленгенін атап өтті.

«Халық Кеңесі атты жоғарғы консультативтік органды құру бастамасы және оның мәртебесін Конституцияда бекіту билік жүйесіне әртүрлі этнос өкілдерінің қатысуын 8 есе арттырады, өңірлер мүдделерінің өкілдігін қамтамасыз етеді және азаматтық қоғам көшбасшыларын саяси жүйеге тартуды қамтамасыз етеді», – деді ол.

Парламент депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлауға көшу мәселесіне қатысты Азат Перуашев бұл тәжірибенің халықаралық парламенттік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өтті.

Оның пікірінше, пропорционалды жүйе сайланбалы органдарда қоғам мүдделерінің кең өкілдігін қамтамасыз етеді, күшті партиялардың өсуіне ықпал етеді және саяси тәжірибеде еуропалық трендтерге сәйкес келеді.

«Жүргізіліп жатқан конституциялық реформа – халықаралық тәжірибе мен парламенттік оппозицияның көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, бүкіл конституциялық жүйені тереңінен қайта жаңғыртуды білдіреді», – деп қорытындылады Азат Перуашев.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым атап өткендей, түзетулерге сәйкес бір палаталы Парламент – Құрылтай 145 депутаттан тұрады, олар бүкілхалықтық біртұтас сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі қазіргі Мәжілістің тәжірибесіне сәйкес 5 жыл деңгейінде сақталуы ұсынылады.

Оның сөзінше, ең мазмұнды әрі концептуалды өзгерістер Конституцияның 53-бабында қарастырылған. Депутат атап өткендей, дәл осы бап мемлекеттік басқару архитектурасына және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мен тежемелік жүйесіне қатысты.

«Қолданыстағы Конституцияда 53-бап 13 тармақтан тұрады, ол Парламент палаталарының функцияларын нақты сипаттайтын. Салыстырмалы кестеде ұсынылған жаңа редакцияда бұл бап 23 тармаққа дейін кеңейтілген, яғни функционал 1,5 есе артқан», – деді Айдос Сарым.

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өміралиев «Миранда ережесін» Конституцияда бекіту ұсынысын қолдады. Бұл ереже бойынша, адам ұсталған сәттен бастап құқық қорғау органдары оның құқықтарын түсіндіруі тиіс.

«Яғни, адам күдікті мәртебесін алған сәттен бастап оның білікті қорғалуы – адвокаттың болуы – құқығын қамтамасыз ету біздің басты талабымыз болып табылады», – деді Жандос Өміралиев.

Ол адамның тағдыры шешілетін жағдайларда әрбір азамат өз құқықтарын нақты және толық білуі тиіс екенін, ал мемлекет олардың қорғалуын сенімді кепіл ретінде қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

«Осыған байланысты, әлемдік тәжірибеде кең танылған Миранда принципін Конституцияда бекіту қажеттілігі туындады. Егер ұсталған тұлғаға айыптау негіздері мен құқықтары толық түсіндірілмесе, оған қатысты кез келген тергеу әрекеттері заңсыз деп танылуы тиіс. Бұл әділдік пен тергеудің ашықтығының негізгі кепілі болып табылады», – деп қосып өтті Жандос Өміралиев.

Астананың Халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили еліміздің кейбір өңірлері үшін арнайы құқықтық режимдерді Конституцияда бекіту бастамасын қолдады.

«Қазіргі заманғы мемлекеттерде дамудың сараланған модельдерін қолдану жиілеп келеді. Бұл инвестициялар, технологиялар және адам капиталы үшін бәсекеге объективті жауап болып табылады. Мұндай шешімдердің барлығы мемлекеттік құрылымның негізін қозғайды, сондықтан олар тікелей конституциялық негізде бекітілуі тиіс», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов жеке деректерді қорғауға бағытталған ұсынылып отырған норманы қолдады.

«Адамның жеке өмірін оның өзіне жария еткісі келмейтін өмірлік аспектілер құрайды. Бұл жеке тұлғаның өзіндік егемендігі болып табылады және қоғам мен мемлекет тарапынан бақылауға жатпайды», – деп атап өтті депутат.

Оның сөзінше, бұл заңсыз жолмен жеке деректерді жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып өңделетін деректерден қорғау құқығы туралы болып отыр.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласында ұсынылып отырған өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.

«Преамбула мәтінінде «мәдениет пен білімнің құндылықтарына, ғылым мен инновация жетістіктеріне сүйене отырып» формуласының көрсетілуі Конституцияның тек саяси-құқықтық құжат қана емес, бағдарламалық құжат екенін қосымша растайды. Осылайша, Ата заң тек құқықтық нормаларды реттеумен шектелмеуі тиіс, ол білім, ғылым, инновациялар, мәдениет және ұлттық рух саласында бағдар көрсетуді қамтамасыз етуі қажет», – деді ол.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге қатысты ұсыныстарын білдірді.

Ол адамның өмір сүруге абсолютті құқығын Конституцияда бекіту маңыздылығын атап өтті. Бұл қазіргі Қазақстан мемлекетіндегі басты құндылықтарды көрсететінін айтты.

«Біз мүмкіндігінше өмір сүруге құқығын абсолютті етуге шақырдық. Еш күмән жоқ, көптеген танымал сарапшылар, соның ішінде халықаралық сарапшылар бұған: «Браво!» дейді», – деді Артур Ластаев.

«Келешек» жастар кеңесінің жетекшісі Гүлзира Атабаева Конституцияға енгізілетін түзетулер білімнің зайырлы сипатын бекіту, дінді мемлекеттен бөліп көрсету және зияткерлік меншікті қорғауды күшейту, Қазақстанның жасанды интеллект дәуірінде дамуына үлес қосатынын атап өтті.

Оның сөзінше, білімнің зайырлы сипатын нақты бекітуге арналған ұсыныстың нақты және өз уақытында орын алуының мәні бар.

«Жастар үшін бұл мәселе абстрактілі емес, практикалық маңызы бар. Мектеп – тең мүмкіндіктер мен дәстүрлерге құрмет көрсетілетін кеңістік. Конституциядағы тікелей норма тәрбиелеу және білім беру жүйесі үшін айқын бағдар болады», – деді Гүлзира Атабаева.

Сонымен қатар, оның пікірінше, дінді мемлекеттен бөлу принципін нақты бекіту ұсынысы да маңызды болып табылады.

Мәжіліс депутаты Максим Рожин өз сөзінде Халық Кеңесін және Вице-Президент институтын құру қоғамдық диалогты нығайтып, мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қоғам қазір белсенді және талапшыл. Диалог алаңдары мен түрлі қоғамдық платформалар кейде жалпыұлттық мүдде мен қажетті талқылау деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан ұсынылып отырған Халық Кеңесі – формалды жаңалық емес, объективті қажеттілік», – деді ол.

Депутат қосымша атап өткендей, Халық Кеңесінің құрамына түрлі этнос, өңір және қоғамдық ұйым өкілдері кіретін болады. Бұл Кеңесті мемлекет пен қоғам арасындағы көпірге айналдыруға және нақты шаралар арқылы ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Саясаттанушы Марат Шибутов Конституцияның преамбуласы сыртқы және ішкі аудитория үшін маңызды сигналдар беретінін, шекаралардың тұтастығын бекітетінін, бейбіт ниеттерді көрсететінін және заңдылықты, әділдікті сақтау мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап көрсететінін айтты.

«Преамбула нұсқасын (жаңа) қолдауды сұраймын, себебі ол біздің мемлекеттің қалай жұмыс істейтінін және қоғамымыздың қалай өмір сүретінін айқындайтын негізгі принциптерді көрсетеді», – деді ол.

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков атап өткендей, конституциялық реформа қазіргі әлемдік геосаяси жағдай мен Қазақстан алдында ашылатын мүмкіндіктерді ескере отырып, дамудың жаңа бағытын көрсетеді.

Оның сөзінше, енгізілген әрбір өзгерістің өз мәні мен маңызы бар. Бұл қадам жаңартылған қоғамдық сананың маңызды көрінісі болып табылады.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Конституцияның 18 және 32-баптарына редакциялық түзеу сипаттағы өзгерістер енгізілетінін, бірақ сөз еркіндігі мен бейбіт жиналысқа қатысты кепілдіктерге әсер етпейтінін атап өтті. Бұл құқықтар бұрынғы көлемінде сақталады.

«Тек Конституцияда бұрыннан болжанған шектер нақтылауда. Яғни, біз қазір қоғам үшін өте маңызды осы формалды түрде нормаларды нақтылаймыз. Жаңа тыйымдар туралы сөз жоқ, мақсат –қоғамда екіұдай түсіндірме мен қажетсіз алаңдаушылық туындамас үшін қолданыстағы тепе-теңдікті дәлірек сипаттау», – деді депутат.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Қазақстан Конституциясына табиғатты қорғау бойынша азаматтық жауапкершілікті бекітуді қолдады. Ол президенттік «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологияны қорғаудың әрбір азамат үшін қаншалықты маңызды екенін іс жүзінде көрсетті деп мәлімдеді.

«Біз – Қазақстанның біртұтас халқы және мемлекеттік басқаруды нығайта отырып, тұрақты, жайлы әрі таза елде өмір сүргіміз келеді. Табиғатқа сақтықпен қараудың маңыздылығын конституциялық деңгейде бекіте отырып, біз қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілікті сақтаймыз», – деп атап өтті Сергей Пономарев.

Сонымен қатар, депутат сөз еркіндігі, цензураға тыйым салу және ақпаратты еркін алу мен тарату құқығы туралы Конституциядағы баптың маңыздылығына тоқталды.

«Біз өз үлгімізбен, атап айтқанда, Комиссия жұмысының тікелей эфирдегі көрсетілімі арқылы ашықтықты көрсетеміз. Конституциялық өзгерістер табиғаты бойынша мемлекеттің және қоғамдық келісімнің негіздеріне қатысты, сондықтан олар жабық тәртіпте талқылана алмайды. Тікелей эфирлер – жай ғана техникалық формат емес. Бұл қоғамға сенім және биліктің шынайы диалог жүргізуге дайын екендігінің көрсеткіші», – деді депутат.

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Мырзағараев Конституцияда адвокатура статусын жеке институт ретінде бекіту ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, бұл адам құқықтарын қорғау саласында тың серпіліс болады.

«Бұл – адам құқықтарын қорғауда шынайы институционалдық таңдаудың белгісі. Адвокаттық қауымдастық атынан Комиссия мүшелеріне осы ұстаным мен қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деп атап өтті ол.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов «Жалпы ережелер» бөлімін «Конституциялық құрылыс негіздері» деп қайта атауды, еңбек құқығы тұжырымдасын нақтылауды, сондай-ақ некеге қатысты норманы Конституцияда бекітуді қолдайтынын білдірді.

«Неке - мемлекет тарапынан заңға сәйкес тіркелетін ер мен әйелдің арасындағы ерікті және тең құқылы одақ. Мұндай тәсіл зайырлы мемлекет саясатына, теңдік пен кемсітпеушілік принциптеріне сәйкес келеді, сондай-ақ халқымыздың рухани-моральдық кодын айқындайды.», – деп атап өтті Еркін Дүйсенов.

Отырысты қорытындылай келе, Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Азимова Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер бойынша елеулі ілгерілеу жасалғанын атап өтті.

«Біз жинақталған кесте бойынша нәтижелі жұмыс жүргіздік. Пікірлер мен ұсыныстар алмасып, идеяларды талқыладық. Жұмыс топтарындағы талқылаулар нәтижесінде қосымша ұсыныстар түсті, олар біріктірілген кестеге енгізіледі», – деді ол.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның келесі отырысы 28 қаңтарда өтетіні хабарланды.