Конституциялық Сот азаматқа сотқа жүгіну мерзімдері қорғалу құқығын бұзбайтынын түсіндірді

Конституциялық Сот азаматқа сотқа жүгіну мерзімдері қорғалу құқығын бұзбайтынын түсіндірді

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Конституциялық Сот Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің нормалары (136-баптың сегізінші бөлігі және 138-баптың екінші бөлігінің 15) тармақшасы) талап қою мерзімін өткізіп алуына байланысты оны сот арқылы қорғалу құқығынан айырды деп есептеген азаматтың өтінішін қарады.

Бұл іс жер учаскесіне қатысты болды. 2007 жылы өтініш берушіге шамамен 50 жыл мерзімге жайылымдық жер бөлінген, алайда 2014 жылы бұл жер учаскесі басқа тұлғаға берілген. Ол өз құқықтарын қорғау үшін сотқа тек 2025 жылы ғана жүгінген. Сот инстанциялары заңда белгіленген талап қою мерзімі өтіп кеткенін көрсетіп, оның талабын қараудан бас тартқан.

Өтініш беруші мұндай ереже оның Конституциямен кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығын бұзады деп санап, Конституциялық Сотқа жүгінген.

Конституциялық Сот сотқа жүгіну құқығына Конституция кепілдік беретінін және бұл құқық заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатынын түсіндірді. Бұл, соның ішінде, талап қою мерзімдеріне де қатысты. Мұндай мерзімдер сот жүйесінде тәртіпті, құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет.

Конституциялық Сот сондай-ақ процестік мерзімдерді белгілеу және өзгерту мәселелері Парламенттің құзыретіне жататынын және Конституциялық Соттың өкілеттігіне кірмейтінін атап өтті.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот оны конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты.