Сенатта Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның құқықтық мемлекетті нығайтудағы рөлі талқыланды

Сенатта Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның құқықтық мемлекетті нығайтудағы рөлі талқыланды

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz  

Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Парламент қабырғасында Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Парламентаризм институтымен бірлесіп ұйымдастырған «Республика күні: егеменді және құқықтық мемлекет құрудағы тарихи-құқықтық маңызы» атты дөңгелек үстелдің жұмысына қатысты.

Шараға Сенат Комитетінің депутаттары, көрнекті заңгер ғалымдар, мемлекеттік органдардың, Парламентаризм институтының және Сенат жанындағы сарапшылар клубының өкілдері қатысты.

Бақыт Нұрмұханов өз сөзінде Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияда елімізде алғаш рет Конституция мен заңдардың үстемдігі жарияланғанын атап өтті. Осы мақсатқа жету үшін кейіннен құқықтық мемлекеттің қағидаттарын нығайтуға бағытталған арнайы конституциялық бақылау органдары құрылды.

«Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияда Конституцияның үстемдігі жариялануы құқықтық мемлекетті нығайту процесіне қуатты серпін беріп, дамыған елдерге тән құқық үстемдігін қамтамасыз етудің жолын ашты», - деп айтты Нұрмұханов.