Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына Әлеуметтік кодекстің 194-бабы 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш беруші 1988 жылғы қарашадан 1989 жылғы шілдеге дейінгі кезеңде Әзербайжан КСР аумағында Таулы Қарабахтағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әскери қызмет атқарған. 2020 жылғы 6 мамырдағы «Ардагерлер туралы» Заңның негізінде оған басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мәртебесі берілді және тиісті арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды.
Өтініш беруші Әлеуметтік кодекс нормаларынан ардагерлер санаттары бойынша саралауды байқап, бұл оның пікірінше, әлеуметтік төлемдер мөлшерінің айырмашылығына алып келеді және Конституцияда белгіленген теңдік пен кемсітпеу қағидаттарын бұзады.
Өтінішті алдын ала зерделеу және қолданыстағы заңнаманы талдау нәтижелері бойынша Конституциялық Сот әлеуметтік төлемдердің негіздерін, шарттары мен мөлшерлерін айқындау заң шығарушының айрықша құзыретіне жататынын атап өтті. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңға сәйкес, конституциялық бақылау органы өзге мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мәселелерді қарамайды.
Конституциялық заңның 48-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Конституциялық Сот конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдады.