Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты алдын ала зерделеу нәтижелері бойынша азаматтың Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады.
Дауланып отырған норма квазимемлекеттік сектор ұйымының қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу мүмкіндігін көздейді.
Осы негіз бойынша электровоз машинисі қызметінен бұрын босатылған өтініш беруші бұл ереже оның еңбек бостандығы мен қызмет пен кәсіп түрін таңдау еркіндігіне конституциялық құқықтарын шектейді деп санайды. Оның пікірінше, норма орындалатын жұмыстың сипатын ескермей кеңінен қолданылады және басқарушылық функцияларды жүзеге асыруға байланысты және байланысты емес лауазымдарды сараламайды.
Норманың Конституцияға сәйкестігін тексерудің барысы мен қорытындылары туралы ақпарат Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланатын болады.