Парламент Мәжілісі Конституциялық Соттың Жолдауын іске асыру үшін әзірленген заң жобаларын жұмысқа алды

Парламент Мәжілісі Конституциялық Соттың Жолдауын іске асыру үшін әзірленген заң жобаларын жұмысқа алды

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Парламент Мәжілісі жалпы отырыста 2024 жылғы Конституциялық Соттың еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын іске асыру шеңберінде депутаттар бастамашылық еткен бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Конституциялық Сот жолдауында заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп тану туралы нормативтік қаулы қабылданған жағдайда сот актілерін қайта қарау негіздерін нақтылау қажеттігін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңның 63-бабы 4-тармағында Конституциялық Сот осындай шешім қабылдаған жағдайда оны қолдану кезінде өзгеше түсіндіру болмайды, ал оның салдары конституциялық емес деп шешім қабылдау кезіндегі жағдаймен бірдей болады деп айқындалған.

Заң жобалары Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерге және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске Конституциялық Соттың нормативтік қаулысының осы түрін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау үшін негіздер тізбесіне қосу бөлігінде толықтырулар енгізуді көздейді.

Заң жобаларын қабылдау құқық үстемдігін, конституциялық бақылаудың тиімділігін нығайтуға, заңнаманы жетілдіруге және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал ететін болады.

Анықтама: Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңдардың жобаларын жұмысқа қабылдады.