Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Астанада өткен «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Моңғолия Конституциялық Сотының Төрағасы Байасгалан Гунгаамен кездесті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оның ішінде өткен жылдың қыркүйегінде қабылданған өзара түсіністік туралы Меморандумның орындалу барысын талқылады. Құжат екі елдің конституциялық бақылау жүйелері мен конституциялық бақылау органдарының функциялары туралы нормативтік-құқықтық ақпаратпен алмасуды көздейді.
Эльвира Азимова Қазақстан мен Моңғолияның конституциялық бақылау органдары арасындағы ынтымақтастық екіжақты және Еуразиялық конституциялық бақылау органдары қауымдастығы мен Азия конституциялық соттары мен баламалы институттар қауымдастығы шеңберінде көпжақты форматтарда жемісті дамып келе жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Гунгаа мырза моңғол тарапының Қазақстанның конституциялық сотымен өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілігін растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты іс жүзінде толықтыруға дайын екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, конституциялық-құқықтық стандарттар саласында бірлескен зерттеулер жүргізу және талдамалық материалдармен алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл ұлттық құқықтық жүйелердің ерекшеліктерін түсінуді тереңдетуге мүмкіндік береді.