Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Президенттік орталықта Конституциялық Соттың қолдауымен Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған «Жаңғырған Конституция – әділетті қоғам кепілі» атты көрме ашылды.
Көрменің салтанатты ашылуына Конституциялық Соттың, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Орталық сайлау комиссиясының, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының, Мемлекет тарихы институтының, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының шамамен 200 өкілі, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, еліміздің білім мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Көрмеге Қазақстан Республикасындағы конституционализмнің дамуының эволюциясын айқын көрсететін Президенттік орталықтың музей, архив және кітапхана қорларынан алынған шамамен 150 материал, экспонат және құжат қойылды.
Көрменің бірегей экспонаттарының қатарында Конституциялық Сот пен Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі бірлесіп әзірлеген, Брайль қарпімен басылған қазақ және орыс тілдеріндегі Ата заңымыздың басылымдары бар.
«1995 жылғы жаңартылған Конституция сайлау құқығын демократияландырудың дамуына қолдау көрсетіп, Парламенттің рөлін күшейтті, Үкіметтің бастамаларын дамытуға мүмкіндік қоса отырып, оның жауапкершілігін арттырды, халықтың табиғи ресурстарға неғұрлым әділ қол жеткізуіне ықпал ететін заңнамалық реттеудің әлеуетін күшейтті, азаматтарға қайта құрылған Конституциялық сотқа жүгіну құқығын ашты және жалпы құқыққорғау тетігін нығайтты», – деп атап өтті Конституциялық Соттың судьясы, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Сергей Ударцев.