Конституциялық Сот жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігі туралы ережені тексеруден бас тартты

Конституциялық Сот жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігі туралы ережені тексеруден бас тартты

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz


Конституциялық Сот азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 4-тармағына және 4-бабының 1-тармағына Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының Төралқасы бекіткен Жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауаптылығы туралы ережеге сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Өтініште азамат Әділет министрлігінің жеке сот орындаушысын мемлекеттік лицензиядан айыру туралы талап-арызына байланысты сот талқылауы шеңберінде аталған ережені қолданудың заңдылығына дау айтып жүгінді.

Өтінішті және қоса беріліп отырған материалдарды зерделеу қорытындысы бойынша Конституциялық Сот мынадай қорытындыға келді:
- дауланып отырған ереже «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңы бойынша нормативтік құқықтық акті болып табылмайды, өйткені оны уәкілетті мемлекеттік орган қабылдамайды және жалпыға міндетті нормаларды қамтымайды;
- өтініш берушінің дәлелдері заңды күшіне енген сот актілерімен келіспеу болып табылады, ал бұл Конституциялық Соттың қарау нысанасына кірмейді;
- «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңына сәйкес жол берілу шарттарына сәйкес келмейтін өтініштер конституциялық іс жүргізуге қабылдануға жатпайды.

Конституциялық заңның 48-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларының негізінде Конституциялық Соттың қаулысымен өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылды.