Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы заңнаманың қолданылуын реттейтін Жоғарғы Соттың 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысының 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты.
Өтініш берушінің облыстардың бірінде білім басқармасына «E-otinish» жүйесі арқылы жолданған өтінішіне байланысты жала жабу дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы өтініш беруге негіз болған. Аталған өтініште ол белгілі бір лауазымды тұлғаны қызметінен босатуды сұрап, шындыққа сәйкес келмейтін және аталған тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді көрсеткен. Кейіннен сот өтініш берушінің әрекетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының үшінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық ретінде саралады. Апелляциялық және кассациялық сатыларда өтініш берушінің сот шешіміне қатысты шағымы қанағаттандырылмаған.
Өтініш берушінің пікірінше, азаматтардың мемлекеттік органдарға ұжымдық және жеке өтініштер жолдау құқығын кепілдік ететін Конституцияның 33-бабына сәйкес мемлекеттік органға жолданған өтініште пікір білдіру заңды жауаптылыққа әкеп соқпауы тиіс.
Конституциялық Сот өтінішті қарау үшін қабылдаудан бас тарта отырып, конституциялық құқықтарды іске асыру басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбай жүзеге асырылу керектігін атап өтті (Конституцияның 39-бабы). Мемлекеттік органға жүгіну адамды шындыққа сәйкес келмейтін және ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Конституциялық Сот өтініш берушіге заңда көзделген барлық іс жүргізу кепілдіктері, соның ішінде қайта сараптама жүргізу туралы өтініш беру мүмкіндігі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Азамат даулап отырған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормасының өзі өтініш берушінің конституциялық құқықтарын бұзбайды, сондай-ақ оның сот актілерімен келіспеуі Жоғарғы соттың нормативтік қаулысын қайта қарау үшін негіз болып табылмайды.
Осыған байланысты Конституциялық Сот өз құзыреті шеңберінде тек құқық мәселелерін қарайтынын және соттар белгілеген нақты мән-жайларды қайта қарамайтынын еске салды.