Шымкентте Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында құқықтық диалог өтті

Шымкентте Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында құқықтық диалог өтті

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz  

 

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында заң қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен көшпелі кездесу өтті.

Конституциялық Сот атынан шараға судья Еркін Оңғарбаев және Аппараттың өтініштерді бастапқы қарау және қабылдау бөлімінің меңгерушісі Салтанат Нұрымбетова қатысты. Кездесу барысында Парламент Сенатының депутаттары, Бас прокуратураның, Шымкент қаласы әкімдігінің, адвокатураның және заң консультанттары қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі.

Еркін Оңғарбаев Конституциялық Соттың қызметі және ұлттық құқықтық жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету үшін конституциялық сот төрелігінің рөлі туралы айтып берді. Ол 2,5 жыл ішінде 10 мыңнан астам азамат Конституцияға заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің сәйкестігін тексеруді сұрау құқығын пайдаланғанын хабарлады. Өтініштердің едәуір бөлігі қылмыстық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық, азаматтық, жер, салық және әлеуметтік сипаттағы заңнамалық нормаларға қатысты болды.

Судья атап өткендей, Конституциялық Сот өз қызметінің басынан бастап 400-ден астам қаулы шығарып, оның ішінде қолданыстағы заңнама нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша 72 қорытынды шешім қабылдады.

Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров кездесуге қатысушыларға норма шығарушылық қызметі және Парламенттің заңнаманы жетілдіру жөніндегі алдағы міндеттері, оның ішінде қолданыстағы нормалардың Конституцияға сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша шешімдерді ескере отырып, баяндады.

Кездесуге қатысушылар Астанадан келген спикерлерге норма шығармашылық қызметке және конституциялық кепілдіктер мен ережелерді құқық қолдануға қатысты сұрақтар қоя алды.