Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова онлайн форматта Азиялық конституциялық соттары мен балама институттар қауымдастығының мүшелері кеңесінің отырысына қатысты.
Отырыс барысында 2025–2027 жылдарға арналған Қауымдастық төрағалығын Таиланд Корольдігінің Конституциялық Сотынан Өзбекстан Республикасының Конституциялық Сотына ресми түрде табыстау рәсімі өтті. Осыған байланысты Таиландтың Конституциялық Соты 2023–2025 жылдар аралығындағы төрағалық кезеңіндегі атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды есепті ұсынды.
Сонымен қатар, қатысушыларға Қауымдастықтың мүше елдердің конституциялық соттары жанынан құрылған тұрақты хатшылықтарының қызметі туралы ақпарат берілді. Зерттеулер мен әзірлемелер жөніндегі хатшылық Сеулде орналасқан және оған Корея Республикасының Конституциялық Соты жетекшілік етеді. Үйлестіру және жоспарлау хатшылығы Джакартада орналасқан және Индонезия Республикасының Конституциялық Сотының қамқорлығымен жұмыс істейді. Адам ресурстарын оқыту және дамыту орталығы Түркия Республикасының Конституциялық Соты жанынан Анкарада қызмет етеді.
Сондай-ақ, отырыс барысында Қауымдастық мүшелері Ирак Республикасы Федералды Конституциялық Сотының Қауымдастық құрамына кіру туралы өтінішін оң қарады.
Еске салсақ, Қауымдастық 2010 жылы Азиядағы конституциялық әділет органдарының өңірлік форумы ретінде құрылған. Оның негізгі міндеттері мүшелердің тұрақты кездесулерін өткізу, симпозиумдар, семинарлар мен жұмыс сапарларын ұйымдастыру, конституциялық прецеденттік құқық тәжірибесімен алмасу, жұмыс әдістері жөнінде ақпарат беру, сондай-ақ мемлекеттік құқық пен конституциялық юрисдикция мәселелеріне қатысты институционалдық, құрылымдық және рәсімдік мәселелер бойынша пікір және идея алмасу.
Қазіргі уақытта Қауымдастық құрамында 21 мемлекет бар: Әзербайжан, Ауғанстан, Бангладеш, Үндістан, Индонезия, Иордания, Қазақстан, Корея Республикасы, Қырғыз Республикасы, Малайзия, Мальдив аралдары, Моңғолия, Мьянма, Пәкістан, Палестина, Ресей, Филиппин, Тәжікстан, Таиланд, Түркия және Өзбекстан.
Қауымдастыққа Корея Республикасы, Түркия, Индонезия, Малайзия, Моңғолия және Таиланд Корольдігінің конституциялық бақылау органдары төрағалық етті. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қауымдастықты 2019–2021 жылдары басқарған.