Конституциялық Сот: жаза өтеуді кейінге қалдыру мәселелері соттың процестік құзыретіне жатады

Конституциялық Сот: жаза өтеуді кейінге қалдыру мәселелері соттың процестік құзыретіне жатады

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz 

 

Азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 478-бабы үшінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішпен Конституциялық Сотқа жүгінді.

Өтініштің негізі соттың өтініш берушінің адвокаты ұсынған, жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы өтінішті қараудан бас тартуы, Қылмыстық-процестік кодекстің дауланып отырған нормасында мұндай өтінішті тек сотталған адамның өзі не қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі бере алады деп көзделгені себеп болған. Өтініш беруші бұл норма оның білікті заң көмегін алу, сот арқылы қорғалуға және заң алдында тең болу конституциялық құқықтарын бұзады деп есептейді.

Қылмыстық кодекстің 75-бабы 2-тармағына сәйкес, жазаны өтеуге кедергі келтіретін ауыр сырқат болған кезде (өмір бойы бас бостандығынан айыруды қоспағанда) сот сотталғанды жазадан босата алады, оның орындалуын кейінге қалдыра алады не жазаны аурудың сипатын, жасалған қылмыстың ауырлығын, сотталғанның жеке басын және басқа да мән-жайларды ескере отырып, неғұрлым жұмсақ түрмен алмастыра алады.

Аталған норма өтініш берушінің құқықтарын қозғамайды, өйткені үкімді орындауды кейінге қалдыру туралы өтініш өтініш иесінің ауруына негізделмеген. Осыған байланысты Қылмыстық-процестік кодекстің 475 және Қылмыстық кодекстің 74-баптарының нормалары қолданылуға тиіс болды. Қылмыстық-процестік кодекстің 475-бабы үшінші бөлігіне сәйкес мұндай мәселе бойынша шешім үкім шығарған соттың не қызмет ауданында үкім орындалатын соттың құзыретіне жатады.

Осылайша, өтініш «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңда белгіленген жол беру шарттарына сәйкес келмейді.