Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Ақтау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата заң – әділдік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында өңірлік конференция өтті.
Шараға сот және атқарушы билік өкілдері, құқық қорғау органдары, ғылыми және білім беру саласының мамандары қатысты. Олардың қатарында Маңғыстау облыстық сотының төрағасы М.Текетаев, облыс әкімінің орынбасары Т.Қошмағанбетов, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Б.Нұрмұханов, сондай-ақ өңірдің беделді заңгерлері, судьялары және мемлекеттік органдардың өкілдері болды.
Өз сөзінде Бақыт Нұрмұханов еліміздің Конституциясы айтарлықтай эволюция жолынан өткенін, мемлекет дамуын айқындайтын төрт ірі реформа жүргізілгенін атап өтті. Ол 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған реформаның маңыздылығына тоқталып, сол арқылы Конституциялық Сот – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін негізгі орган құрылғанын атап көрсетті. Бұл реформаның нәтижесінде азаматтар қолданыстағы заңнаманың Негізгі Заңға сәйкестігін тексеру құқығын белсенді жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. Бүгінгі күнге дейін Конституциялық Сотқа азаматтардан 10 000-нан астам өтініш келіп түскен.
Шара аясында сот жүйесінің дамуы, адам құқықтарын қорғау тетіктері, заңдылықты қамтамасыз етудегі соттардың рөлі, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған білім беру жобалары туралы баяндамалар ұсынылды.
Конференция соңында қатысушылар халықты құқықтық сауаттандыруды жалғастыру және Конституцияның негізгі ережелерін кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.