Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2025 жылғы 18 шілдедегі № 74-НҚ)
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сот азаматтың Қылмыстық-процестік кодекстің (ҚПК) 152-бабы алтыншы бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Аталған нормаға сәйкес күдікті мен қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болуы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде адамды күзетпен ұстау мерзіміне кірмейді, бірақ оны сот жаза тағайындау кезінде ескереді.
Азамат А.-ның Конституциялық Сотқа жүгінуіне оның қылмыстық іс материалдарымен танысудан бас тартқанына қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін өзін күзетпен ұстау бір жылдан астам уақытқа жалғасқаны себеп болды. Алайда, осы кезеңде оның қорғаушысы мен қылмыстық процестің басқа қатысушыларының қылмыстық іс материалдарымен танысуы жалғасқан. Осыған байланысты, өтініш субъектісінің пікірінше, аталған норма өзінің жеке басының бостандығы конституциялық құқығын бұзады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша Конституциялық Сот күдікті мен қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауды тергеу судьясы ҚПК-де көзделген тәртіппен санкциялайды және оның мерзімін ұзартуға тиіс деп көрсетті. Егер күдікті мен қорғаушы іс материалдарымен танысу уақытын көрінеу созбаласа, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам белгілі бір мерзімді белгілей отырып, прокурор бекітетін іс материалдарымен танысу кестесін жасауға құқылы. Сонымен бірге, қорғаушы мен күдіктінің іс материалдарымен танысу әрекеттеріндегі келіспеушілік норманы конституциялық емес деп тануға негіз болып табылмайды, алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы, күдіктінің қорғаушысын қоса алғанда, қылмыстық процеске қатысушылардың іс материалдарымен танысу кестесін жасаған кезде күзетпен ұсталып отырған күдіктінің пікірін анықтау талап етіледі.
Жоғарыда айтылғандармен қатар, Конституциялық Сот күдіктіні күзетпен ұстауға байланысты жекелеген мәселелердің жеткіліксіз пысықталғанын атап өтті. Мәселен, қылмыстық процесс сатысына қарай адамды күзетпен ұстау мерзімін ҚПК-де көзделгендей автономды бөліктерге бөлу практикада осы бұлтартпау шарасын қолданудың заңда белгіленген шекті мерзімдерін өзгертуге ұшыратуы мүмкін. Құқық қолдану практикасында күдіктіні күзетпен ұстау мерзімін есептеу күдіктінің және оның қорғаушысының қылмыстық іс материалдарымен танысу уақытына қарамастан, қылмыстық процестің барлық қатысушыларының танысу кезеңіне тоқтатылады.
Конституциялық Сот адвокат пен күдікті арасында келіспеушіліктер орын алған кезде сотқа дейінгі іс жүргізудің соңғы сатысында адвокаттың білікті заң көмегін көрсету тәртібін регламенттейтін ҚПК нормаларының құқықтық тұрғыдан үйлесуінің жеткіліксіздігін көрсетіп өтті.
Сондықтан қорытынды шешімде баяндалған құқықтық тұжырымдарды ескере отырып, Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының Үкіметіне қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.
Конституциялық Сот қабылдаған № 74 нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.