Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2025 жылғы 18 шілдедегі № 73-НҚ)
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Cот азаматтың Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 319-бабы бесінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Аталған нормаға сәйкес істі іс жүргізуге қабылдау туралы қаулы шығарумен бір мезгілде судья сотқа берілген адамға қатысты бұлтартпау шарасы мәселесін қарауға міндетті. Мұндай адамды күзетпен ұстау мерзімі өткен жағдайда судья көрсетілген мерзімді ұзартуға міндетті.
Өтініш беруші өз өтінішінде тергеу соты белгілеген өзін күзетпен ұстау мерзімі 2024 жылғы 18 желтоқсанда аяқталғанын көрсеткен. Қылмыстық істі сот іс жүргізуге 2024 жылғы 20 желтоқсанда қабылдаған, оның шешімімен сотталушыны күзетпен ұстау мерзімі «іс мәні бойынша қаралғанға дейін» ұзартылған.
Өтініш субъектісі қолданыстағы редакцияда норма құқықтық белгісіздікке әкеп соғады және Конституция ережелерін бұза отырып, айыпталушыны күзетпен ұстау мүмкіндігіне сот белгілеген мерзім өткеннен кейін де жол береді деп есептейді.
Конституциялық Сот адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын кез келген шектеу заңмен қатаң айқындалып қана қоймай, құқықтық айқындылық қағидатына сәйкес келуге – анық, болжамды болуға және өз бетінше түсіндіруге жол бермеуге тиіс деп көрсетті.
Жеке бас бостандығына конституциялық құқықты, оның ішінде күзетпен ұстау түріндегі кез келген шектеуге тек заңда белгіленген негізде және тәртіппен және соттың санкциясымен ғана қолданылады.
Қылмыстық сот ісін жүргізудегі бұлтартпау шараларына байланысты заңнамалық тетіктер тұрақты және дер кезіндегі сот бақылауын қамтамасыз етуге тиіс. Бұлар сот шешімінсіз адамды тіпті қысқа мерзімге одан әрі күзетпен ұстауға мүмкіндік беретін процестік «аралыққа» жол бермейді.
Осылайша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығын басшылыққа ала отырып, күзетпен ұстауды кез келген ұзарту қажеттілікпен негізделуге және оны сот растауға тиіс.
Заң шығарушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында мұндай мерзімді ұзарту мәселесін күні бұрын шешу міндеттілігін көздеген. Сонымен қатар, Конституциялық Соттың пікірінше, заңның құқықтық айқындылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету мақсатында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталғаннан кейін де адамды күзетпен ұстау мәселелерін регламенттейтін қылмыстық-процестік нормаларды неғұрлым нақты жазу қажет.
Конституциялық Сот ҚПК-нің 319-бабы бесінші бөлігінің қисынсыз тұжырымдалғанына, бұны практикада судьяны қылмыстық істі қарау кезеңінде күзетпен ұстау мерзімін, егер іс сотқа келіп түскен кезде оның мерзімі өтіп кетсе, баламасыз ұзартуға міндеттейтін деп түсінуге болатынына назар аударады. Ал ҚПК-нің 342-бабында сот талқылауы кезеңінде сотталушыны күзетпен ұстау мерзімдерін есептеу айқындалған.
Қорытынды шешімде баяндалған құқықтық ұстанымдардың негізінде Конституциялық Сот Қылмыстық-процестік кодекстің 319-бабының бесінші бөлігін «, егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға» деген сөздер бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.
Конституциялық Сот Үкіметке алты айдан кешіктірілмейтін мерзімде Парламент Мәжілісіне заңнаманы өзінің қорытынды шешімінде баяндаған құқықтық ұстанымдарға сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын енгізуді ұсынды.
Конституциялық Соттың осы нормативтік қаулысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.