Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2025 жылғы 25 маусымдағы № 72-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтың:
Қылмыстық кодекстің (ҚК) 245-бабы үшінші бөлігінің «қылмыстық топ» деген сөздерге қатысты және 262-бабының;
Жоғарғы Соттың «Соттардың бандитизм және қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатыса отырып, басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысының (ЖС НҚ) 11 және 13-тармақтарының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Аталған нормалар негізінде қылмыс жасауда кінәлі деп танылған өтініш субъектісінің пікірінше олар жеткілікті түрде анық тұжырымдалмаған, кеңінен түсіндіруге жол береді және экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған, ұйымдасқан топтардың қылмыстық ниеті, себебі мен мақсаты жоқ кәсіпкерлердің ұйымдасқан қылмыстық топтарының қатысушыларына шын мәнісінде теңестіреді.
Конституциялық Сот ҚК-нің 262-бабының Конституцияға қайшылығын таппады. Осы норма ұйымдасқан қылмыстың жолын кесуге бағытталған және қылмыстық заңда тікелей көрсетілген объективті және субъективті белгілердің жиынтығы болған кезде ғана оны қолдануға жол беріледі, бұл Қазақстан Республикасының конституциялық талаптары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келеді.
Сонымен қатар, Конституциялық Сот ҚК-нің 245-бабы үшінші бөлігінің («қылмыстық топ» деген сөздерге қатысты) Конституцияға қайшылығын да таппады. Аталған қылмыстық-құқықтық норма Конституцияда міндет деп айқындалған салықты төлеуден сыбайлас қатысу мен сөз байласудың күрделі түрлерінің белгілері бар пайдакүнемдікпен жалтарудың алдын алуға бағытталған.
ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтары тексеру нәтижелері бойынша Конституцияға сәйкес келеді деп танылды. НҚ-ның осы нормаларындағы түсіндірулерді Жоғарғы Сот өз өкілеттігі шегінде берген.
Сонымен бірге, Конституциялық Сот шаруашылық жүргізуші субъектілерді тек формальды өлшемшарттар бойынша ғана қылмыстық топ деп тануға жол берумен байланысты жекелеген проблемаларды көрсетіп өтті. Мәселен, ҚК-нің 262-бабында белгіленген ұйымдасқан топ және қылмыстық ұйым белгілері ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтарының ережелерімен өзара байланыста құқық қолдану практикасында тәуекел туғызып, қылмыстық ниеті, себебі мен мақсаты жоқ коммерциялық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлерін экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ғана емес, қылмыстық топ құрғаны, оған басшылық еткені немесе қатысқаны үшін де қылмыстық жауаптылыққа тартуы мүмкін.
Құқық қолдану практикасын талдау ЖС НҚ-ны қоса алғанда, қылмыстық заңнаманың жекелеген ережелерін өзектендіру қажеттігін көрсетеді. Атап айтқанда, тиісті нормаларда шаруашылық қызмет саласында құқық бұзушылықтарға жол берген кәсіпкерлік бірлестіктерді және әуел бастан құқыққа қайшы мақсаттарда құрылған қылмыстық топтарды нақты саралауға мүмкіндік беретін ережелер жоқ.
Сондықтан Конституциялық Сот Үкіметке – Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарауды, Жоғарғы Сотқа қылмыс құрамының субъективті және объективті белгілерін ескере отырып, заңды қызмет түрін жүзеге асыратын коммерциялық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қызметінің және қылмыстық топтардың құқыққа қайшы әрекетінің аражігін ажыратудың нақты өлшемшарттарын айқындау мақсатында сот практикасын жинақтап қорытуды ұсынды.