Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 70-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2025 жылғы 16 сәуірдегі № 70-НҚ)

 

Конституциялық Сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – НОтК) 65-бабының Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

Аталған нормада баланың ұлты ата-анасының ұлтымен айқындалады және одан әрi тек қана ата-анаcының біреуінің ұлтына өзгертiлуi мүмкiн деп белгіленеді.

Өтінішке және конституциялық іс жүргізу материалдарына сәйкес баланың анасы қайтыс болған. Тірі кезінде оның құжаты болмаған. Баланың әкесі туралы деректер жоқ. Қолда бар мәліметтер негізінде қорғаншысы алдағы уақытта баланың ұлтын ата-анасының ұлты бойынша айқындау үшін баланың тууы туралы акт жазбасына толықтыру енгізуге (анасының ұлтын көрсетуге) тырысқан, алайда растайтын құжаттардың болмауына байланысты бас тарту алған. Кейінірек соттар да НОтК-тің 65-бабына сілтеме жасай отырып, баланың ұлтын, егер ата-анасының ұлты анықталмаған болса, анықтау мүмкін емес деп шешім шығарған. Өтініш беруші аталған норма Конституцияның 19-бабының 1-тармағына қайшы келеді деп есептейді, аталған тармаққа сәйкес әркім өзінің қай ұлтқа жататынын айқындауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқылы.

Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы мен жекелеген шет мемлекеттер заңнамасының нормаларын, халықаралық тәжірибені, сот практикасын талдай отырып, Конституциядағы мағына бойынша ұлтты айқындау адамның өзін-өзі сәйкестендіруімен байланысты, бұған отбасылық және туыстық байланыстар және басқа да мән-жайлар әсер етуі мүмкін деп көрсетті. Ата-анасының ұлтына негізделген таңдау басым болып табылатыны сөзсіз, алайда бұл түрлі өмірлік жағдайларға (ата-анасы белгісіз, олардың ұлты туралы мәліметтер жоқ, баланы басқа адамдар асырап алған не тәрбиелеп жатқан жағдайларға және тағы басқаларға) байланысты барлық кезде мүмкін бола бермейді. НОтК-тің 65-бабында мұндай жағдайлар ескерілмейді және сондықтан Конституцияда белгіленгенге толықтай сәйкес келмейді.

Конституциялық бақылау органы ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген кезде немесе қандай да бір басқа құқықтық маңызы бар кезде адамның белгілі бір ұлтқа жатуға деген ниеті жеткіліксіз екенін де атап өтті. Мемлекет мұндай жағдайларда адам ұсынған мәліметтерді тексере алады.

Конституциялық Сот НОтК-тің аталған бабын баланың ата-анасы немесе олардың ұлты белгісіз болған кезде,  сондай-ақ азаматтың заңды мүдделерін қозғайтын басқа да өмірлік жағдайлар кезінде ұлтын айқындау мен өзгертудің өзге тәсілдерін (ата-анасы бойынша анықтаудан басқа)  көздемейтін бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Бұл ретте Конституциялық Сот ата-анасы бойынша ұлтын айқындау мен өзгертудің конституциялылығына күмән келтірмейді.

Үкіметке алты ай ішінде Парламент Мәжілісіне заңнамаға тиісті өзгерістер жобасын енгізу ұсынылды.

 

 

 

Дата публикации
16 апреля 2025