Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 69-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2025 жылғы 16 сәуірдегі № 69-НҚ)

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-1-бабы 14-тармағы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады. Аталған нормаға сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру конкурсы шеңберінде конкурсқа қатысатын адамдарға, егер олар жер учаскесі орналасқан ауданда, қалада, кентте кемінде 5 жыл тұрған болса, қосымша балл түрінде артықшылық беріледі.

Өтініш субъектісі басқа облысқа көшіп, тұрақты тұрғылықты жерін ауыстырғаннан кейін бұрынырақ жалдау құқығын алып, оны пайдалануын жалғастырған жер учаскесіне қатысты конкурсқа қатысқан. Конкурс қорытындысы бойынша басым балл алған басқа адам жеңімпаз деп танылған. Өтініш субъектісі конкурс нәтижелеріне сот тәртібімен дау айтқан. Аталған нормаға сілтеме жасала отырып, оның талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Өтініш субъектісінің пікірінше, Кодекстің осы нормасы Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерін еркін таңдау, кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, тұрғылықты жеріне байланысты кемсітпеу конституциялық құқықтарын шектейді (Конституцияның 21-бабының 1-тармағы, 26-бабының 4-тармағы және 14-бабының 2-тармағы).

Конституциялық Сот халықтың атынан жерге және оның ресурстарына меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады, ал Кодексте көзделген балдарды бөлу жүйесі өтініш субъектісі көрсеткен конституциялық құқықтарды іске асыруға кедергі келтірмейді деп көрсетті.

Сонымен бірге, белгілі бір жерде тұратын азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін алуға мұндай шаруашылықты жүргізуге жеке еңбегімен қатысу негізінде, арнайы ауыл шаруашылығы білімі мен біліктілігі, ауыл шаруашылығында практикалық жұмыс тәжірибесі болған жағдайда басым құқық беріледі (Кодекстің 101-бабы 1-тармағының екінші бөлігі).

Осылайша қаралып отырған өлшемшарттар және жергілікті тұрғындардың жер учаскесін алуының басым құқығын іске асыру үшін белгіленген талаптар Кодекстің басқа нормаларында бекітілген, бұны әлеуметтік әділдікке қол жеткізу, жер заңнамасының нормаларын одан әрі жетілдіру, белгілі бір жерде тұратын адамдарды жұмыспен қамтуға ынталандыру арқылы қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау, шектеулі табиғи ресурстар үшін бәсекелестік жағдайында жайылымдық алқаптарға қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат айғақтайды.

Осыған байланысты, Конституциялық Соттың пікірінше, конкурсты ұйымдастыру және өткізу мәселелерін регламенттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні Кодекстің 43-1-бабының және 101-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің нормаларына сәйкес келтіру арқылы нақтылау қажет. 

Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот Кодекстің 43-1-бабы 14-тармағының екінші бөлігін Конституцияға сәйкес келеді деп таныды және бір мезгілде Ауыл шаруашылығы министрлігіне Конституциялық Соттың нормативтік қаулысында жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, ведомстволық бұйрықта көзделген құқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

 

Дата публикации
16 апреля 2025