Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2025 жылғы 27 ақпандағы № 68-НҚ)
Конституциялық Сот 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – АК (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Аталған нормаға сәйкес инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігін және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттары бойынша оларды инвестициялаудан алынған (шеккен) кірістерді (шығыстарды) қоспағанда, сақтандырушының сақтанушыдан алған сақтандыру сыйлықақылары оған меншік құқығымен тиесілі болады.
2019 жылғы 24 желтоқсанда сақтанушы мен сақтандырушы зейнетақы аннуитеті шартын жасасып, оның талаптары бойынша – сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақысының сомасын беруге, ал сақтандырушы сақтанушының пайдасына сақтандыру төлемдерін өмір бойына жүзеге асыруға міндеттенеді.
2022 жылғы 22 қаңтарда сақтанушы қайтыс болады. Ол қайтыс болғанға дейін сақтандырушы белгіленген сақтандыру төлемдерін – сақтанушыға ай сайын, ал ол қайтыс болғаннан кейін пайда алушының пайдасына төлеген. Сақтанушы мұрагерлерінің (өтініш субъектілерінің) сақтандыру сыйлықақысының қалған сомасын өздеріне біржолғы төлеммен төлеу туралы өтініштеріне сақтандырушы өзіне сақтандыру сыйлықақысы ретінде берілген зейнетақы жинақтары мұра құрамына кірмейтіндіктен және АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес сақтандырушыға меншік құқығымен тиесілі болғандықтан, бас тартумен жауап берген.
Өтініш субъектілерінің пікірінше, сақтандырушыға аударылған зейнетақы жинақтары сақтанушы қайтыс болған жағдайда мұрагерлікке жатады, осыған байланысты олар аталған норма біржолғы сақтандыру төлемі түріндегі мүліктен сот шешімінсіз айыра отырып, өздерінің жеке меншікті қорғау конституциялық құқығына нұқсан келтіреді деп есептейді.
Конституциялық Сот өз шешімінде көрсеткендей, сақтандыру сыйлықақылары – сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру арқылы қорғалу үшін төлейтін төлемі, мұнда сақтандыру төлемі оның материалдық баламасы болып табылады, бұл зейнетақы аннуитеті шартының өтеулі болуын білдіреді.
Осылайша, сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысы түрінде алған ақша сақтандырушының өз қалауы бойынша билік ететін кірісі болып табылады. Сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысын қайтару бойынша емес, сақтандыру сомасын төлеу бойынша міндеттемесі туындайды. Мұндай жағдайларда сақтанушының мүлкі мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылмайды, осыған байланысты Конституциялық Сот өтініш субъектілері дау айтып отырған АК (Ерекше бөлім) нормасының Конституцияға қайшы келуін таппады.
Сонымен қатар, Конституциялық Сот зейнетақы аннуитетінің ерекшеліктерін назарға ала отырып, сақтанушының көзі тірісіндегі ерік қалауының іске асырылу және ол қайтыс болған жағдайда, аударылған сақтандыру сыйлықақысының көлемі мен өзге де мән-жайлар ескеріле отырып, оның құқықтарының өзге адамдарға өту тетіктері заңнамалық деңгейде реттелуге тиіс деп атап өтті.
АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген сақтанушыдан алынған сақтандыру сыйлықақыларына сақтандырушының меншік құқығы туралы жалпы ереже сақтанушыға зейнетақы аннуитеті шарты бұзылған кезде сатып алу сомасын басқа сақтандыру ұйымына аудару немесе сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайтуға қатысты шарт талаптары өзгерген кезде ақшаны БЖЗҚ-ға қайтару арқылы және басқа негіздер бойынша осы ақшаның бір бөлігіне билік ету құқығын беретін Әлеуметтік кодекс нормаларымен үйлеспейді.
Осыларды ескере келе, Конституциялық Сот әлеуметтік институт ретінде зейнетақы аннуитетінің ерекшеліктерін ескере отырып, әртүрлі салаға тиесілі өзара байланысты нормалардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.