Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 7 ақпандағы №66-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2025 жылғы 7 ақпандағы № 66-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың Әлеуметтік кодекстің  208-бабы 1-тармағы 8) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады, оған сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыты есепке алынады.

Өтініш субъектісінің пікірінше, Кодекстің жұмыс істемейтін ананың ғана жас балаға күтім жасаған уақытын есепке алу туралы бұл ережесі балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу мәселелерінде ата-ананың екеуінің де тең құқықтылығы қағидатына қайшы келеді және кемсітушілік сипатқа ие.

Ұлы туылған соң екі айдан кейін өтініш беруші медициналық қорытынды негізінде оның ауыр жағдайына, сондай-ақ баланың анасы денсаулығына байланысты мұндай күтімді жүзеге асыруға уақытша жарамсыз болуына байланысты ұлына күнделікті емдеу-қалпына келтіру емдерін көрсету мақсатында жұмыстан шыққан. Кейіннен өтініш берушінің жас ұлына күтім жасаған уақыты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде есепке алынбаған.

Барлық материалдар мен заңнаманы зерделей келе, Конституциялық Сот Конституцияға сәйкес балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті, ал неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекет  қорғауында болады деп көрсетті. Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшерінде, жасына байланысты, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік беріледі.

Жас балаға күтім жасау ерекше қамқорлық мен қорғауды талап етеді, бұлар оның қалыпты физикалық, ақыл-ой, адамгершілік және психологиялық тұрғыдан дамуы үшін қажет. Бала өмірінің осы кезеңінде объективті жағдайларға байланысты ата-ана өзінің еңбек ету құқығын іске асыруда шектелуі мүмкін.

Ата-ана міндеттерін орындаумен негізделетін мұндай жағдайлар әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат шеңберінде компенсаторлық тетіктерді әзірлеу кезінде ескерілуге тиіс, өйткені Конституцияда Қазақстан Республикасы қабылдаған, неке мен отбасын, ана мен әкені және баланы қорғауға кепілдік беретін әлеуметтік мемлекет моделі  туралы ереже бекітіледі.

Осыған байланысты Конституциялық Сот Әлеуметтік кодексте айқындалған әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарының біріне – әлеуметтік қорғау саласында адам мен азаматтың тең құқықтылығы және олардың құқықтарын шектеуге жол бермеуге назар аударды.

Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот Кодекстің 208-бабы 1-тармағының 8) тармақшасын мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды: жұмыс істемейтін ата-анаға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жас балаларға тікелей күтімді жүзеге асырған уақыты есепке алынады.

 

Дата публикации
08 февраля 2025