Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы № 63-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2025 жылғы 29 қаңтардағы № 63-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың Қылмыстық-процестік кодекстің (ҚПК) 645-бабы төртінші, бесінші және алтыншы бөліктерінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Азаматтың пікірінше, бұл нормалар төрағалық етуші судьяға кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін және кесім бойынша дауыс берілгеннен кейін алқабилерді ауыстыруға мүмкіндік беретіндіктен Конституцияға қайшы келеді.

Ол көрсеткен ҚПК нормаларында кеңесу бөлмесінде алқабилерді түпкілікті ауыстырудың нақты шегі белгіленбейді, ал алқабиді шеттету туралы шешім сот отырысының хаттамасында ғана көрсетіледі, бұл, сот қаулысынан айырмашылығы, жоғары тұрған сот сатысына шағым жасауға жатпайды. Осылайша, өтініш берушінің пікірінше, судьяға алқабилер мен судья арасындағы теңдікті бұзатын ауқымды дискрециялық өкілеттік берілген, сондай-ақ өтініш берушінің сот арқылы қорғалу құқығы шектелген.

Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот азамат көрсеткен Қылмыстық-процестік кодекс ережелері Конституцияға сәйкес келеді деген тұжырымға келді.

Сонымен бірге, Конституциялық Сот  өз шешімінде кесім шығарылғаннан кейін алқабиді ауыстыру және осыған байланысты алқабилер алқасының таратылуы сотталушының әділ сот талқылау құқығына нұқсан келтіреді деп атап өтті. Бұл, егер кесім ақтау кесімі болса, ерекше маңызды. Егер алқабилер алқасы кесім шығарған болса, алқабилерді ауыстыруды және осыған байланысты алқаның таратылуын қоса алғанда, кез келген араласу әділ сот талқылауының негізгі кепілдіктерінің құқықтық мәнін, шешім түпкіліктілігі мен құқықтық айқындылығы қағидатын жоққа шығарады және Конституцияның 77-бабының 2-тармағын бұзады.

ҚПК-нің 645-бабына сәйкес, егер қосалқы алқабилер саны алқаны қалыптастыру үшін жеткіліксіз болса, алқабилер алқасы міндетті түрде таратылады.

Конституциялық Сот қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру кезінде негізгі құрамдағы алқабилерді қосалқы алқабилермен ауыстыру қажеттігі алқабилер алқасының мәжбүрлі таратылуына алып келмейтін не мұндай тәуекелдердің орын алуын едәуір азайтатын (мүмкін қосалқы алқабилер санын ұлғайту арқылы) жағдайларды көздеуді ұсынды.

Конституциялық Сот заң деңгейіндегі жекелеген құқықтық олқылықтарды да көрсетіп, Үкіметке алқабилердің қатысуымен сот арқылы қорғалу конституциялық құқығын іске асыру тетігін күшейту мақсатында қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде оларды реттеуді ұсынды.

 

Дата публикации
29 января 2025