Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы № 62-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2025 жылғы 24 қаңтардағы № 62-НҚ)

 

Конституциялық Сот:

1) «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 21-бабы 5-тармағы 3) тармақшасының;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының (бұдан әрі – Әскери қызмет өткеру қағидалары) 64-тармағының;

3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларының (бұдан әрі – Ақшалай ризық төлеу қағидалары) 26-тармағы екінші бөлігінің және 30-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

Жүгінуге мынадай жағдайлар негіз болған.

Әскери қызметте болудың шекті жасына толуына (2023 жылғы 16 наурыз) байланысты өтініш беруші 2023 жылғы 2 ақпанда және 16 наурызда әскери бөлім командиріне еңбек сіңірген жылдары бойынша жұмыстан босату туралы баянаттарымен жүгінген.

2023 жылғы 10 наурызда алынған өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының негізінде бөлім командирінің қарамағына жіберіліп, айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Бөлім командирінің қарамағында болған кезеңде оған ақшалай ризық төленбеген.

Өтініш берушінің пікірінше, аталған нормалар еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін және бөлім командирінің қарамағында болған кезеңде ақшалай ризық (жалақы) алуға конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді.

Барлық материалдар мен заңнаманы зерделей келе, Конституциялық Сот Заңға сәйкес шекті жасқа толған әскери қызметшіге әскери қызмет мерзімін ұзарту оның баянатымен ғана мүмкін болатындығын атап өтті. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде немесе соғыс уақытында ғана әскери қызметте болудың шекті жасын әскери қызметшінің еркінсіз ұлғайтуға жол беріледі (Заңның   25-бабының 2 және 3-тармақтары). Әскери қызметте болудың шекті жасын ұлғайту және әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін Заңда басқа негіздер көзделмеген.

Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылуына байланысты қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін командирдің (бастықтың) қарамағында болу әскери емес лауазымдағы әскери қызметшіге ғана қатысты. Бұл ретте, Конституциялық Сот атап өткендей, заң шығарушы бұл ережені әскери қызметшінің әскери қызметте болуының шекті жасын ұлғайту не әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін негіз ретінде бекітпеген.

Осы тұжырымдарды негізге ала отырып және құқықтық мағынаны нақтылау мақсатында Конституциялық Сот Заң нормасына қатысты Конституцияға сәйкес келетін нормативтік-құқықтық түсіндірме берді.

Әскери қызметшілерге әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеруі кезеңінде ақшалай ризық төлеуді бұйрық деңгейінде шектеуге қатысты Конституциялық Сот Заңда мұндай шектеу көзделмейді,  мұны заңға тәуелді деңгейде белгілеу еңбегі үшін сыйақы алу құқығын, жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшерінде, заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік және құқықтарды тек заңдармен шектеуді көздейтін Конституцияға сәйкес келмейді деп атап өтті.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілген Ақшалай ризық төлеу қағидаларының 26-тармағының екінші бөлігін және 30-тармағын Конституцияға сәйкес келмейді деп қаулы шығарды.

Дата публикации
24 января 2025