Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы №61-НҚ нормативтік қаулысы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2025 жылғы 20 қаңтардағы № 61-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабы 1-тармағы бірінші бөлігі 2) мен 3) тармақшаларының және 14-бабы 1-тармағы 10) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

2023 жылғы ақпанда Астана қаласының әкімдігі хабарламаны қарау қорытындысы бойынша өтініш субъектісіне «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауға қатысты ұстаным білдіру үшін ол ұсынған орында және уақытта бейбіт жиналысты ұйымдастыру мен өткізуден бас тартқан. Әкімдік бас тартуын көрсетілген орында және сол уақытта бұрын келісілген басқа іс-шараның өткізілуіне сілтеме жасаумен негіздеген.

Өтініш субъектісінің пікірінше, өзі дау айтып отырған Заң ережелері жергілікті атқарушы органдарға бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға оны өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы алдын ала балама ұсыныс жібермей, мұндай іс-шараны ұйымдастырудан өз бетінше бас тартуға мүмкіндік береді.

Өтініш субъектісі Заңның қолданыстағы нормасы бас тартудың мөлшерлестігі және мұндай бейбіт жиналысты өткізу кезіндегі ықтимал қатер дәрежесі проблемасын шешпейді деп есептейді.

Заңның 11-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларын тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот жергілікті атқарушы органға: 1) бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға оны өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуді ұсыну; 2) Заңның өзінде тікелей белгіленген жағдайларда Конституция ережелеріне сәйкес мұндай іс-шараны өткізуден бас тарту өкілеттіктерін беру бөлігінде аталған нормалар Конституцияға сәйкес келеді тұжырымға келді.

Конституциялық Сот, егер болжамды уақытта және ұйымдастырушы көрсеткен орында басқа іс-шаралардың өткізілуі жоспарланса не құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылып жатса, бейбіт жиналысты өткізуден бас тартуды көздейтін Заңның 14-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына қатысты Конституцияға сәйкес келетін түсіндірме берді. Атап айтқанда, адамның құқықтары мен бостандықтарына кез келген заңнамалық шектеулер заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс екенін атап өтті.

Конституциялық Сот өз шешімінде көрсеткендей, бейбіт жиналыстар құқығы абсолютті болып табылмайды және Конституцияда көрсетілгендей заңды түрде шартты болуы мүмкін. Жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырылатын арнайы орындардың бос-бос еместігі туралы ақпарат азаматтарға ең болмағанда жоспарланған іс-шаралар, олардың өткізілетін орны мен күні, басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың болжамды саны cекілді нақты түсінік беруге тиіс.

Осыған байланысты Конституциялық Сот Заңда бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім негізді және дәлелді болуға тиіс және оған заңнамалық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін деген императивті талап қамтылатынын атап өтті. Сондықтан әрбір нақты жағдайда бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту туралы шешім іс-шаралардың мақсаттарын, өзектілігін, қоғамдық маңыздылығын және ауқымын, сондай-ақ өзге де объективті факторларды ескере отырып, барлық мән-жай мен ықтимал тәуекелдердің егжей-тегжейлі талдауына негізделуге тиіс.

Конституциялық Сот Заңда көзделген құралдар (атап айтқанда, бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға жиналысты өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуді ұсыну) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган арасындағы келісу рәсімдері шеңберінде іске асырылады деп көрсетті. Осылайша, Конституциялық Сот бейбіт жиналысты өткізуден белгіленген негіз бойынша бас тарту туралы шешім қабылданар алдын жергілікті атқарушы орган мұндай іс-шараны ұйымдастырушыға оны өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсынысты алдын ала жіберуге міндетті деп қаулы шығарды.

Дата публикации
21 января 2025