Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 59-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтар Н.О. Тлеубековтің және Н.С. Нурташевтың Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының уақытқа қарай қолданылуын айқындайтын Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (ҚАК) 2-бабы екінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініштерін қарады. Аталған нормаға сәйкес жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу, сотталғандарға түзеу құралдарын қолдану, сондай-ақ босатылатын сотталғандарға көмек көрсету оларды орындау кезінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Өтініш субъектілері 2019 және 2020 жылдары ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталған. Олар бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүріп, 2024 жылғы шілдеде сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМбБ) туралы өтінішхаттар берген. Алайда соттар Қылмыстық кодекстің (ҚК) 72-бабы сегізінші бөлігінің 3) тармағына және ҚАК-тің 2-бабының дау айтылып отырған екінші бөлігіне сілтеме жасап, өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартқан.
Бұған дейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ҚК-ге ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдарға ШМбБ-ны қолдануға тыйым салу туралы өзгеріс енгізілді, бұған: мұндай қылмыстарды жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар жасаған жағдайлар; ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған сотталғандар кірмейді (ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігінің 3) тармағы).
Өтініш субъектілерінің пікірінше, ҚАК-тің дау айтылып отырған нормасы Конституцияға қайшы келеді, өйткені ШМбБ-ға тыйым салу енгізілгенге дейін жасалған тиісті санаттағы қылмыстары үшін сотталғандардың жағдайын нашарлатады.
ҚАК-тің көрсетілген нормасының конституциялылығын тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот дау айтылып отырған норма Конституцияға сәйкес келеді және ШМбБ-ны қолдану туралы өтінішхаттар берілген кезде қолданыста болған ҚК-нің аталған ережесімен үйлеседі деген қорытындыға келді. Бұған дейін Конституциялық Сот 2024 жылғы 16 мамырдағы № 44-НҚ нормативтік қаулысында жазасын өтеуден ШМбБ-ны қолдану-қолданбау мәселелері қылмыстық заңның өзінде белгіленген кері күш ережелері ескеріле отырып, ШМбБ-ны қолдану кезінде қолданыста болатын (кінәлі деп тану және жазалау туралы үкім шығаруға негіз болған) қылмыстық заңға сәйкес шешіледі деп көрсеткен болатын.
Сонымен қатар, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық Сот Жоғарғы Сотқа қабылданған нормативтік қаулыдағы құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға ШМбБ-ны қолдану мәселелері бойынша қосымша түсіндірулер беруді ұсынды.