Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы №58-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 58-НҚ)

 Телеграм КС - https://t.me/consot_kz/1073 

 

Конституциялық Сот азаматтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» 2019 жылғы 29 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) 29-тармағы екінші, үшінші және төртінші абзацтарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

ЖС НҚ-ның 29-тармағының дау айтылып отырған абзацтарында сот бұрын белгілеген алимент мөлшерін өзгерту жағдайлары бөлігінде соттардың «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 139-бабы 2-тармағының және 175-бабы 1-тармағының ережелерін қолдануы түсіндіріледі.

Өтініш субъектісі кәмелетке толмаған балаларын (бірінші некеден бір, екінші некеден үш баласын) күтіп-бағуға алимент төлеуші болып табылады. Тағайындалған алименттердің жалпы сомасы кірісінің 75%-ын құрайды. Алименттер мөлшерін азайту туралы сотқа жүгінген кезде оған алименттерді бұрынғы мөлшерде төлеуге мүмкіндік бермейтін материалдық жағдайының нашарлауын растайтын жеткілікті дәлелдемелер ұсынбауына сілтеме жасала отырып, талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Оның пікірінше, ЖС НҚ-ның өзі көрсеткен ережелері, оның ішінде ата-ананың материалдық немесе отбасылық жағдайының өзгеруі талап қоюды қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылмайды деген ережесі соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуына құқықтық негіз болған.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот аталған түсіндірудің редакциясы практикада екіұштылық түсінік туғызады, өтініш субъектісі дау айтып отырған Жоғарғы Соттың түсіндірулері жалпы Кодекстің 139-бабы 2-тармағының және 175-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес келеді, олар ата-ананың материалдық және отбасылық жағдайына байланысты барлық мән-жайды жан-жақты және толық зерттеуге бағытталған, осы мән-жайларды анықтау баланың мүдделерін барынша қамтамасыз етудің және ата-ана құқықтары мен міндеттерін орындау бойынша тұрақты қарым-қатынастарды сақтаудың кепілі болып табылады деп атап өтті.

Конституциялық Сот ЖС НҚ алимент сомасы төлеуші жалақысының және (немесе) өзге де кірісінің жартысынан асатын кезде бірнеше сот актіcі бойынша оларды өндіріп алуға байланысты мән-жайларды көрсететін басқа заңдардың ережелерін толық көлемде түсіндірмейді деп атап өтті. Мәселен, Кодекстің 166-бабында адамның жалақысы мен өзге де кірісінің 50 пайызынан астамын алиментке ұстап қалуға шектеу қойылады. Осыған ұқсас тәсіл зейнетақыға қатысты Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 203-бабының 3-тармағында бекітіледі. Бір немесе бірнеше атқарушылық құжат бойынша борышкердің жалақысына немесе өзге де кіріс түрлеріне өндіріп алу қолданылған кезде жалақының немесе өзге де кірістің кемінде 50 пайызын сақтау «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 95-бабы 1-тармағының бірінші абзацында да көзделген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабы 3-тармағының негізінде өзімен борышкер еңбек қатынастарында тұратын жұмыс беруші, сондай-ақ өзінен борышкер кіріс алатын өзге тұлға жұмыскерге тиесілі жалақының 50 пайызынан аспайтын мөлшерін ұстап қалады.

Конституциялық Сот қорытынды шешімінде Кодексте балалар саны бойынша үлестік тәсіл белгіленіп, өндіріп алушылар санын ескерілмейді деп көрсетті. Бұл, әдетте, заң шығарушы белгілеген үлестердің сақталмауына әкеп соғады. Осыған байланысты кәмелетке толмаған балаларға алимент есептеу және өндіріп алу туралы қолданыстағы заңнамаға ревизия жүргізу, тиісті сот актілерін орындау тетігін жетілдіру қажет. Конституциялық Сот Үкіметке тиісті ұсыным берді.

Дата публикации
25 декабря 2024