Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы №57-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат 

(2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 57-НҚ)

 Телеграм КС - https://t.me/consot_kz/1070 

 

Конституциялық Сот азамат М.Б. Кинтоновтың сотталғандықтың жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, ауыр немесе аса ауыр қылмыстары үшін сотталған азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдауға мерзімсіз тыйым салуды белгілейтін «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 16-бабы 3-тармағы 11) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Өтініш субъектісі 1998 жылы Қылмыстық кодекстің 134-бабының екінші бөлігіне сәйкес (адамдар тобымен қарақшылық жасағаны үшін) 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Осы Кодекстің 41-1-бабының негізінде  үкімнің орындалуы 2 жылға кейінге қалдырылып, кейіннен жазасын өтеуден босатылған. Артынан сотталғандығы жойылған. Өтініш субъектісі 1999 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келеді және 2023 жылғы сәуірде мемлекеттік мекеменің басшысы лауазымына тағайындалған. Бұған дейін әртүрлі позицияға тағайындалған кезде өтініш субъектісі өмірбаянында жойылған сотталғандығы туралы мәліметтерді көрсетпеген. 2023 жылғы 31 қазаннан бастап жойылған сотталғандық туралы мәліметтер Бас прокуратураның Құқықтық статистика және ақпарат орталығының ақпараттық сервисіне енгізіле бастаған, осыған байланысты сотталғандығының жойылуына қарамастан, өтініш субъектісіне Қостанай облысы әкімінің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы өкімі негізінде мемлекеттік қызметтен босату түрінде тәртіптік жаза қолданылған.

Өтініш субъектісінің пікірінше, дау айтылып отырған норма еңбек ету бостандығына және мемлекеттік қызметке тең кіруге конституциялық құқықтарын бұзады (Конституцияның 24-бабының 1-тармағы және 33-бабының 4-тармағы), өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотталғандықтың жойылуы барлық қылмыстық-құқықтық салдардың күшін жоюға алып келеді, демек, мемлекеттік қызметке қабылдануға тыйым салу мөлшерлес емес шектеу болып табылады.

Заңның көрсетілген нормасының конституциялылығын тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот заң шығарушы дискрециялық өкілеттіктері шеңберінде шектеулерді және азаматтардың Конституцияда айқындалған құқықтары мен бостандықтарына шектеу мақсаттарын белгілеуге құқылы деген қорытындыға келді. Алайда, мұндай шектеулер әділдік, мөлшерлестік және құқықтық айқындылық қағидаттарына сәйкес келуге тиіс.

Сонымен қатар, Конституциялық Сот Заңның 16-бабының 10) және 11) тармақшалары арасында жойылған немесе алынған сотталғандықтың салдарына қатысты сәйкессіздікті атап өтті. 10) тармақшада жойылған сотталғандығы бар адамдардың мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігіне жол беріледі, ал 11) тармақшада ескерілмейді, бұл құқықтық екіұштылыққа алып келуі мүмкін.

Осы жазылғандардың негізінде Конституциялық Сот көрсетілген норманы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп таныды және бір мезгілде Үкіметке және Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес жетілдіру мәселесін қарауды, Заң ережелерінің сәйкессіздігін жоюды және заңдық дәлме-дәлдігін қамтамасыз етуді ұсынды.

 

Дата публикации
25 декабря 2024