Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 3 желтоқсандағы №54-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2024 жылғы 3 желтоқсандағы № 54-НҚ)

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты азаматтың өтініші бойынша Жол жүрісі туралы (65-баптың
1-тармағы) және Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы
(10-баптың 5-2-тармағы) заңдар нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексерді.

Бұған дейін шетелде тұрақты тұрғылықты жері бар Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекетте тіркелген өз көлігі бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандырудан бас тарту алған. Оның дәл осы, өзі пайдаланатын көлікпен Қазақстанға кіруі спорттық жарыстарға қатысу, туыстарына келу және ата-бабаларының зиратына бару мақсатында уақытша сипатта болғанына қарамастан, аталған нормаларда өзіне меншік құқығымен тиесілі автомобильді халықаралық жол жүрісінде деп танымау бас тартуға негіз болды.

Жол жүрісі туралы заңның 65-бабының 1-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам пайдаланатын, бір мезгілде үш өлшемшартқа сәйкес келетін: 1) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі;
2) Қазақстан Республикасында тіркелмеген; 3) Қазақстан Республикасына уақытша әкелінген» көлік «Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы» деп есептеледі. Мұндай мәртебе көлік құралының Қазақстанда бір жылға дейін тіркеусіз болуына мүмкіндік береді және уақытша әкелуге байланысты кедендік рәсімдерден (кедендік тазарту) босатады.

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңның
10-бабының 5-2-тармағына сәйкес «жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде тіркелген (мемлекеттік тіркелуге жататын) көлік құралдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық қозғалыста жоқ көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға жол берілмейді».

Заңдарға көрсетілген өзгерістер басқа мемлекеттерден көлік құралдарын заңсыз әкелудің және тиісті тіркеусіз және кедендік тазартусыз, бір жылдан астам мерзімге сенімхат негізінде оларды Қазақстан аумағында пайдаланудың алдын алу үшін 2022 жылы қабылданды. Қалыптасқан жағдай көлік құралы иелерінің мәртебесін және көлік құралының тиесілігін ескермей, шетелде тұрақты тұратын кез келген адамға тиесілі көлік құралдарын халықаралық жол жүрісінде деп таныған сол кездегі қолданыстағы заңнамамен байланысты.

Сонымен қатар, енгізілген өзгерістер көлік құралының меншік иесі болып табылатын және оны Қазақстанға уақытша кірген кезде өзі пайдаланатын, басқа мемлекеттердің аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты жеке тұлғалар тобының ерекшеліктерін ескермеген. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына жататын, Қазақстан ратификациялаған Жол қозғалысы туралы конвенцияға сәйкес (Жол жүрісі туралы заңда осы Конвенцияны қолданудан шығару қамтылмайды), көлік құралы азаматтығына байланыстырмай, мемлекеттен тыс жерде қарапайым тұрғылықты жері бар жеке тұлғаға тиесілі болуына және оны осы мемлекетке уақытша әкелуіне байланысты халықаралық жол жүрісінде болады деп есептеледі. Жеке тұлғаның негізгі өмірлік мүдделері шоғырланған мемлекетте тұрғылықты (қарапайым, тұрақты) жерінің болу фактісі басым болуға тиіс.

Конституциялық Сот мынадай тұжырымдарға келді.

Жол жүрісі туралы (65-баптың 1-тармағы) және Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы (10-баптың 5-2-тармағы) заңдардың қаралған нормалары Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға тиесілі және олар мемлекетіміздің аумағында пайдаланатын, уақытша әкелінген көлікке қатысты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді.

Алайда, Қазақстан Республикасында тіркелмеген, мемлекетімізден тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері бар қазақстандық азаматқа тиесілі және Қазақстан Республикасының аумағында өзі пайдаланатын, уақытша әкелінген көлікке қатысты заңдардың осы нормалары Конституцияға сәйкес келмейді. Аталған көлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша міндеттеме қаралған Сақтандыру туралы заңның және Жол қозғалысы туралы конвенцияның басқа нормаларына сәйкес сақталады.

Қабылданған шешімге сәйкес Үкіметке заңнаманы жетілдіру жөнінде тиісті ұсынымдар берілді.

Дата публикации
03 декабря 2024