Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 9 қазандағы № 53-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2024 жылғы 9 қазандағы № 53-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (ҚПК) 94-бабы бірінші бөлігі 3) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

ҚПК-нің көрсетілген нормасына сәйкес қорғаушы, егер қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адаммен туыстық қатынастарда болса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатыса алмайды. 

Конституциялық Сотқа жүгінген субъект құрылыс ұйымының басшысы (және құрылтайшысы) болып табылады және оған қатысты алаяқтық туралы қылмыстық іс қозғалған. Ол таңдаған қорғаушы (адвокат) аталған ұйыммен бұрын брондау шартын жасасқан адамның жақын туысы болуына байланысты прокурордың шешімімен қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттетілген.

Өтініш субъектісінің пікірінше, 94-баптың бірінші бөлігі 3) тармағының редакциясы прокурорға осы норманы өз қалауы бойынша қолдануға мүмкіндік береді (дискреция), бұл өзі таңдаған адвокаттан (қорғаушыдан) білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығын бұзады.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот ҚПК-нің көрсетілген нормасы Конституцияға сәйкес келеді деген тұжырым жасады. Ол өзінің қорытынды шешімінде мүдделер қақтығысын қоса алғанда, заңда белгіленген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттету Конституцияға қайшы келмейді, өйткені ол қылмыстық сот ісін жүргізудің әділдігі мен заңдылығын және іс бойынша дұрыс шешім қабылдауды қамтамасыз етуге бағытталған. Адвокаттардың білікті қорғаушы ретіндегі қызметі Негізгі Заңда бекітілген сот арқылы қорғалу құқығын және сот төрелігі қағидаттарын жүзеге асырумен тығыз байланысты және қылмыстық істер бойынша шешімдер қабылдау кезінде объективтілікті, бейтараптылықты және әділдікті қамтамасыз ету бойынша жария мүдделерді іске асыруға негізделген деп көрсетті.

Сонымен қатар, жүргізілген тексеру нәтижелерін ескере отырып, Конституциялық Сот Үкіметке өзінің қорытынды шешімінде баяндаған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.

 

 

 

Дата публикации
09 октября 2024