Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 9 қазандағы №52-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2024 жылғы 9 қазандағы № 52-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (ҚПК) 314-бабы екінші бөлігінің және үшінші бөлігі екінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады. 

ҚПК-нің көрсетілген нормаларына сәйкес, егер қылмыстық құқық бұзушылық бiр соттың қызметі жерiнде басталып, басқа соттың қызметі жерiнде аяқталса, тиісті қылмыстық іс тергеп-тексеру аяқталған жердегi соттың соттылығына жатады. Бұл ретте тергеп-тексеру аяқталған жер деп тиісті процестік құжат (сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп, айыптау хаттамасы, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама) жасалған немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жіберу туралы қаулы шығарылған жер айқындалған.

Өтініш субъектісінің пікірінше, көрсетілген нормалар сотқа өз қалауы бойынша аумақтық тұрғыдағы соттылықты өзгертуге (дискрецияны қолдануға) мүмкіндік береді, бұл Конституцияның 77-бабы 3-тармағының «өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды» деген 3) тармақшасына сәйкес келмейді.

Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот ҚПК-нің көрсетілген нормалары Конституцияға сәйкес келеді деген тұжырым жасады. Ол өзінің қорытынды шешімінде Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын заңда көзделген соттылықтың қалай да өзгеруі ісі сотта қаралып жатқан адамның келісімі болған кезде ғана мүмкін деп түсіну керек. Конституция қылмыстық істердің соттылық түрлерін белгілемейді және бұл мәселені құқықтық реттеу заңнамалық регламенттеу саласына жатады, бұл Қазақстан Республикасы Парламентінің құзыретіне кіреді деп көрсетті.

Конституциялық Сот аумақтық тұрғыдағы соттылықты заң деңгейінде айқындау әркімнің өз құқықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау, өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуы, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең туралы конституциялық құқықтарды тікелей шектемейді деп атап өтті.

Сонымен қатар, жүргізілген тексеру нәтижелерін ескере отырып, Конституциялық Сот Үкіметке өзінің қорытынды шешімінде баяндаған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.

Дата публикации
09 октября 2024