Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 23 шілдедегі № 49-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтың «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 91-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Кодекстің аталған нормасына сәйкес анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдар бала асырап алушы бола алмайды.
Автор Кодекстің осы нормасын кемсіту болып табылады және Конституцияның 14-бабына қайшы келеді деп есептейді, оған сәйкес жынысы бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. Ол тіркелген некеде тұрмаған әйелдерге мұндай тыйым салу белгіленбегеніне назар аударады.
Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот жалпы алғанда заң шығарушының бала асырап алу құқығының шарттарын айқындау және шектеулерін белгілеу тәсілі мемлекеттің балалық шақты қорғау жөніндегі Конституцияда белгіленген міндетіне және балалардың мүдделерін барынша қамтамасыз ету бойынша қабылданған міндеттемелерге, сондай-ақ Конституцияның белгілі бір мақсаттарда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын заңдармен шектеу мүмкіндігі туралы 39-бабына сәйкес келетіндігін атап өтті.
Заң шығарушы бала асырап алуға ниетті адамдарға белгілеген шектеулер бала құқықтары мен мүдделеріне басымдық бере отырып, заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс. Мәселен, Кодекске сәйкес жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп танылған, ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген адамдар және тағы да басқалар бала асырап алушы бола алмайды.
Сонымен бірге, бала асырап алуға ниетті адамдарға жынысына байланысты шектеу қою ерлер мен әйелдердің бала тәрбиелеу мәселелеріндегі теңдігі қағидатына сәйкес келмейді. Осыған байланысты Конституциялық Сот Қазақстанның қолданыстағы құқығының бір бөлігі болып табылатын 1989 жылғы Бала құқықтары туралы конвенцияның және 1979 жылғы Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның ережелеріне назар аударды. Аталған конвенцияларға сәйкес қатысушы мемлекеттер ерлер мен әйелдердің тең құқығы негізінде олардың балаларға қорғаншы, қамқоршы, сенім білдіруші және асырап алушы болудың бірдей құқықтары мен міндеттерін қамтамасыз етумен қатар, барлық жағдайда балалардың мүдделері басым болып табылады деген негізге алынуға тиіс. Осы көзқарас «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» 2009 жылғы 8 желтоқсандағы ҚР Заңында да бекітілген.
Конституциялық Сот өз құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына мұқтаж баланың мүдделері негізге алынып, неке мен отбасын, ана болуды, әке болуды және балалық шақты қорғау бойынша Конституцияда айқындалған міндет басшылыққа алыну керек деп көрсетті. Тиісінше, заңнамалық тетіктер ер адам мен әйелдің, ең алдымен, баланың мүдделерін барынша қамтамасыз ету және оған қамқорлық жасау мақсаттарына анағұрлым сай келеді деген тұрғыдан тіркелген некеде тұрған және отбасын құрған ер адам мен әйелдің тең шарттарда бала асырап алуын қолдауға бағытталуға тиіс.
Осылайша, бала асырап алуға ниетті адамдарға олардың жынысына байланысты тең емес қатынасқа қатысты шектеу белгілеу Конституцияның 14-бабының талаптарына сәйкес келмейді.
Осы жазылғандардың негізінде, Конституциялық Сот Кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11) тармақшасын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды және Үкіметке Конституциялық Соттың нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, бала асырап алу институтын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырды.