Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 11 шілдедегі № 48-НҚ)
Азаматтың 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (ҚР ҚК) 72-бабы сегізінші бөлігі 1) тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш қаралды.
Аталған нормаға сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШтМбБ) өлім жазасы түрінде тағайындалған жазасы кешірім жасау тәртібімен не өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандарға қолданылмайды.
Өтініш субъектісіне өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылған.
Конституциялық Сот қазіргі жағдайда көрсетілген санаттағы адамдарға ШтМбБ қолдануға шектеуді белгілеу жаза түрінің болмауымен байланысты деп көрсетті. Конституцияның 15-бабында өлім жазасын қолдануға тыйым салу белгіленген, ал қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасынан бұл жөніндегі нормалар алып тасталған.
Осылайша, ҚР ҚК-де бұл шектеудің көрсетілген сотталғандар тобы үшін сақталуы Конституцияға сәйкес келмейді.
Жалпы, соттың ШтМбБ мәселесін қарауы өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамды шартсыз босатуды білдірмейтінін ескеру керек. Бұл сот сотталған адамның түзелгенін таныған және қылмыстық жазалаудың басқа да мақсаттарына қол жеткізілген жағдайда ғана, сондай-ақ заңмен тікелей белгіленген шарттардың орындалу нәтижелері ескеріле отырып қолданылады. Бұдан басқа, ҚР ҚК 72-бабының сегізінші бөлігінде ШтМбБ қолданылмайтын адамдардың басқа санаттары да айқындалған. Парламенттің оларды белгілеуі конституциялық өкілеттіктер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу негіздері туралы конституциялық нормаларға және Конституцияның басқа да нормаларына сәйкес келеді.
Бұған дейін Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы10 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулысында заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер, егер олар Конституцияға сәйкес келсе, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылады (Негізгі Заңның 4-бабының 1-тармағы) деп атап өткен болатын.
Осы жазылғандардың негізінде Конституциялық Сот ҚР ҚК 72-бабы сегізінші бөлігінің 1) тармағын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды және Үкіметке өзінің қорытынды шешімінде жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес ҚР ҚК-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліске енгізуді ұсынды.