Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 5 шілдедегі № 47-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтың Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 127-бабы («преюдиция») төртінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады, оған сәйкес нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы қаулыдан басқа, қылмыстық қудалау органы қаулысының сот үшiн мiндеттi күшi болмайды.
Өтініш авторының хабарлауынша, бұрын сотқа дейінгі тергеп-тексеру өзіне және басқа адамдарға қатысты жүргізілген. Кейінірек олардың кейбіреулеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Өтініш берушіні қоса алғанда, қалғандарын сот аталған қылмыстық іс бойынша кінәлі деп таныған.
Өтініш авторының пікірінше, Кодекстің аталған нормасы сотта өзінің құқықтары мен мүдделерін толыққанды қорғау мүмкіндігінен айырған, өйткені ол судьяны қылмыстық қудалау органының шешіміне тәуелді етеді.
Конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеу қорытындысы бойынша Конституциялық Сот тексерілген норма Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, ол оның редакциясындағы кемшіліктерді және Кодекстің аталған мәселеге қатысты басқа да ережелерімен жеткілікті түрде үйлесімді емес екенін атап өтті.
Бұған дейін Конституциялық Сот өзінің қорытынды шешімдерінде заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс. Заң нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және оларды өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс екенін, бұл қылмыстық қудалау шеңберінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау мен қорғаудың кепілі болып табылатынын бірнеше рет атап өткен болатын.
Осы жазылғандардың негізінде және біркелкі түсіну мен қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық Сот Кодекстің 127-бабы төртінші бөлігінің Конституцияға сәйкес келетін түсіндіруін беріп, аталған норманы өзгеше түсіндіруге болмайтынын көрсетті.
Бір мезгілде Үкіметке Конституциялық Сот қабылдаған нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, ҚПК нормаларын жетілдіру жөнінде ұсынымдар берілді.