Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 28 маусымдағы № 46-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтың Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақы және (немесе) өзге де кіріс түрлері тізбесінің (Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығымен бекітілген) 1-тармағы 11) тармақшасының Конституцияға (26 және 39-баптарға) сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарап шықты.
Автор дау айтылып отырған норма кәсіпкерлік қызметті дамытуға байланысты шығыстарды есепке алмай, кәсіпкердің барлық кірісінен алименттер мөлшерін айқындайды және осылайша өзінің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне және өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға конституциялық құқықтарын бұзады деп есептейді.
Конституциялық Сот ата-ана алатын кірістің бір бөлігін баласын күтіп-бағуға қаражат ретінде беру оның құқықтарын шектеу ретінде қарастырылмайды, бұл оның етене міндеті болып табылады деп атап өтті.
Конституциялық Сот алименттер мөлшерін айқындау кезінде адамның нақты кірістері ескерілуге тиіс екенін атап көрсетеді. Салық декларациясын алименттік міндеттемелерді есептеу базасы ретінде белгілеу баланың материалдық әл-ауқатына тәуекел жасайды, өйткені ол өткен салық кезеңі үшін толтырылады және оның деректерін сот орындаушысы өткен кезеңдегі алименттерді есептеу кезінде ғана пайдалана алады және сол арқылы алимент төлеушінің ағымдағы қаржылық жағдайын көрсетпейді.
Конституциялық Сот заң деңгейінде алименттерді есептеу көзі ретінде дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын ата-ананың кірісін айқындау тетігін бекіту қажеттігін де атап көрсетті.
Дау айтылып отырған Тізбе нормасы, Тізбенің өзі де өзінің мақсаты мен мазмұны бойынша Конституцияның 26 және 39-баптарына қайшы келмейді деп негізделеді.
Осыны ескере отырып, Конституциялық Сот Үкіметке нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарға сәйкес Қазақстан Республикасының дара кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға алименттерді есептеу және өндіріп алу туралы заңнамасын жетілдіру туралы мәселені қарауды ұсынды.