Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 16 мамырдағы № 44-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтың Қылмыстық кодекстің 72-бабы сегізінші бөлігі 4) тармағының (шартты түрде мерзімінен бұрын босату кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысы үшін сотталғандарға қолданылмайды) Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
2016 жылғы қазанда өтініш субъектісі көрінеу жас балаға қатысты азғындық әрекеттер жасауда кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыруға сотталған (Кодекстің 124-бабының үшінші бөлігі). Сот оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатын Кодекстің 72-бабының жоғарыда көрсетілген нормасы негізінде қабылдамаған.
Өтініш субъектісінің пікірінше, қолданыстағы шектеу Конституцияның 14-бабына қайшы келеді (кемсітуге жол бермеу), өйткені ол ҚК-нің 72-бабына енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін бұрын жасаған осындай іс-әрекеттері үшін жазасын өтеп жатқан басқа сотталғандармен өзін тең емес жағдайға қояды. Олардың 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің (2014 жылы күші жойылды) негізінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығы сақталған.
Конституциялық Сот өтініш субъектісі атаған сотталғандардың санаты заңның кері күші бойынша конституциялық қағидалар (Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасы және Кодекстің 6-бабының үшінші бөлігі) негізінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығы сақталып қалғанын атап өтті. Жауапкершілікті күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
Өтініш субъектісіне қатысты Конституциялық Сот оның кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға шектеу енгізілгеннен кейін 2016 жылдың қазан айында сотталғанын атап өтті.
Осылайша, Конституциялық Сот Кодекстің 72-бабы сегізінші бөлігінің 4) тармағы қолданысқа енгізілгеннен кейін сотталған адамдарға қатысты кемсіту жоқ деп есептеді.
Осы жазылғандардың негізінде, Конституциялық Сот Кодекстің аталған нормасын Конституцияға сәйкес келеді деп таныды. Сонымен қатар, ол Үкіметке заң шығарушы шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолданбауға негіз ретінде белгілеген кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың тізбесін (ҚК 3-бабының 42) тармағы) өзектендіруді ұсынды. Бүгінде тізбеге кәмелетке толмағандармен және отбасымен байланысты басқа да қол сұғу объектілеріне қарсы бағытталған әрекеттер де кіреді.