Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ)
Конституциялық сот азаматтардың қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі-ҚІЖК) 484 - бабы екінші бөлігінің 1) тармағының, Жоғарғы Соттың 2022 жылғы 10 наурыздағы № 2 «Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы» нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) үшінші тармағының 2-абзацының Конституцияға сәйкестігі туралы өтініштерін қарады.
Жоғарыда көрсетілген нормаларға сәйкес қылмыстық теріс қылықтар және ауырлығы төмен қылмыстар туралы істер бойынша сот актілері кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайды.
Өтініш субъектілері әртүрлі кезеңдер мен фактілерге Жоғарғы Соттың кассациялық сатысына бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген үкімдерін қайта қарау туралы өтінішхат берді. Жоғарыда аталған ҚІЖК және ЖСНҚ нормаларына сілтеме жасай отырып, өтініштерді қанағаттандырудан бас тартылды.
Конституциялық Сот бірдей жағдайдағы құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуы керек деп санайды. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу шегі туралы мәселеге Конституциялық-құқықтық мақсаттарды көздемейтін өзге көзқарас Конституцияның 39-бабына қайшы келетін болады. Сот билігі жүзеге асырылатын қылмыстық сот ісін жүргізуде барлығының заң мен сот алдындағы теңдігінің Конституциялық қағидатын сақтау талап етіледі. Конституция сот ісін жүргізудің қандай да бір нысанындағы сот сатыларының саны бойынша белгілі бір талаптарды белгілемейді. Бұған дейін Конституциялық Кеңес сот қорғау құқығы сот актілеріне шағымдану құқығын да қамтитынын мойындаған болатын. Олардың санын айқындау кезінде заң шығарушы сот билігінің конституциялық мақсатын – «азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Республиканың халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету» (Конституцияның 76-бабының 1-тармағы) ескеруді талап етеді.
Конституциялық сот ҚІЖК-нің 484-бабы екінші бөлігінің 1) тармағын және ЖС НҚ-ның 2-тармағының үшінші абзацын Конституцияға сәйкес деп таныды және Үкіметке қылмыстық құқық бұзушылықтың түріне және қылмыстар санатына қарамастан кассациялық сатыға қол жеткізу бөлігінде ҚІЖК-ны одан әрі жетілдіруге бағытталған заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуге бастамашылық жасауды ұсынды.