Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2023 жылғы 22 мамырдағы № 17-НҚ)
Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – КК НҚ) қаулы етер бөлігінің 2 және 4-тармақтарына 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа тергеу жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдер қабылдау кезіндегі ерекше тетікке қатысты өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасының (бұдан әрі – Хаттама жобасы) ережелерінің контекстінде түсіндірме беру туралы өтінішхатын қарады.
Конституциялық Сот өтінішхаттың нысанасына қатысты аталып өткен КК НҚ-сын түсіндіру кезінде мыналарды қосымша түсіндірді: 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағы Комиссиясы туралы шартқа сәйкес Конституцияның 2-бабы 2-тармағының және 91-бабы 2-тармағының Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағына таралатыны туралы және Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге жол бермеу туралы ережелерін бұзатын ережелері тараптар үшін міндетті сипаттағы осы комиссияның шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп таныла алмайды. Бұдан басқа, түсіндіру нысанасы болып табылатын қорытынды шешімде халықаралық ұйымның немесе оның органының Қазақстан үшін міндетті шешімін қабылдау рәсімі Республикалық референдум қабылдаған шешімдерде, сондай-ақ Республика Президенті мен Парламентінің шартты ратификациялау кезінде актілерінде көрсетілген Қазақстан халқының халықаралық шартта белгіленген ерік-жігерін бұрмалау мүмкіндігін болдырмайтын құқықтық кепілдіктерді көздеуге тиіс екендігі көрсетілген.
Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының ұлттық мүдделер ескерілмей және көрсетілген шарттар сақталмай қабылданған және күшіне енген шешімдері, оның ішінде Хаттама жобасында белгіленетін тәртіппен қолданысқа енгізілетін ЕЭК Алқасының шешімдері Республика үшін міндетті сипатқа ие болмайды, ратификацияланған халықаралық шарт сипаттарына ие болмайды және, тиісінше, Қазақстан заңдарынан басым болмайды деп есептейді. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтін, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін немесе тәуелсіздігінен айыруға әкеп соғатын, Қазақстан Республикасының егемендік құқықтарының аясын тарылтатын халықаралық шарттарды жасасуға жол берілмейді.