Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2023 жылғы 16 мамырдағы №13-НҚ)
Конституциялық Сот Жоғарғы Соты судьяларының заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарауына байланысты азаматтың Қылмыстық-процестік кодексiнің (бұдан әрі – ҚПК) 489-бабы бірінші бөлігі 6) тармағының, 490-бабы бірінші бөлігі 2) тармағының, екінші бөлігінің және 491-бабы бесінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішін қарады.
Өтініш субъектісі ҚПК-нің көрсетілген нормаларын мынадай түзетулер енгізілгенге дейін олардың бұрынғы редакциясымен салыстыра отырып, сот үкіміне шағым жасаған кезде сот төрелігіне қол жеткізуге өзінің конституциялық құқығына нұқсан жасауды қарайды: 2015 жылғы 31 қазандағы заңмен ҚПК-нің 490-бабынан өтінішхатты қараған кезде қылмыстық істі талап етіп алдыру міндеттілігі туралы және соттың үш судья құрамында ашық сот отырысында өтінішхатты алдын ала қарауы туралы норма (екінші бөлік) алып тасталды; 2021 жылғы 27 желтоқсандағы заңмен судьяның бұрын қабылданбаған өтініштерін қоспағанда, өтініштерді алдын ала қарау кезінде судьялардың саны біреуден үшке дейін ұлғайтылды және Жоғарғы Сот Төрағасының кассациялық сатыдағы сотқа ұсыныс енгізу құқығы жойылды.
Конституциялық Сот Конституция сот органдарының санын және олардың жұмыс тәртібін тікелей бекітпейді деп санайды. Әрбір адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауға Конституциямен кепілдендірілген құқығы апелляциялық тәртіппен заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау шеңберінде істі мәні бойынша қайта қарау мүмкіндігімен мемлекеттің бірінші сатыдағы сотта әділ талқылауы үшін жағдайларды қамтамасыз етуді көздейді. Жергілікті соттардың қызметін тиісінше ұйымдастыру кезінде кассациялық тәртіппен заңды күшіне енген сот актісін өзгерту ерекше жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс. Кассациялық сатыдағы судьялардың қылмыстық іс материалдарын талап етпестен ҚПК көзделген негіздер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтініштерді алдын ала қарауы сот төрелігінің конституциялық қағидаттарын бұзуға әкеп соғуы мүмкін, бұл жол берілмейді.
Конституциялық сот ҚПК-нің 489-бабының бірінші бөлігінің 6) тармағын, 490-бабының екінші бөлігін және 491-бабының бесінші бөлігін Конституцияға сәйкес деп таныды, ал ҚПК-нің 490-бабының бірінші бөлігінің 2) тармағы мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес деп танылды: заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарау қылмыстық іс материалдарын міндетті түрде талап ете отырып жүзеге асырылады.