Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 Нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2023 жылғы 22 ақпандағы № 3)

 

Конституциялық Cот азаматтың «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекстің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының және 2-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Көрсетілген бапқа сәйкес белгіленген мөлшерлеме бойынша сотқа талап-арыздар мен кассациялық шағымдар берген кезде мемлекеттік баж алынады.

Өтініш субъектісінің пікірінше, мүліктік сипаттағы талап арыздарды және сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтініштерді сотқа бергені үшін мемлекеттік баждың пайыздық мөлшерлемелерін белгілеу мемлекеттік баждың ақылға қонымды жоғарғы шегін айқындайтын не оны төлеуден босатуды, оны төлеуді кейінге қалдыруды, бөліп-бөліп төлеуді көздейтін нормалардың болмауымен жиынтығында сот төрелігіне қол жеткізуді іс жүзінде шектейді.

Конституциялық Сот соттардың қызметі саласында белгіленетін міндетті төлемдер мүліктік жағдайға байланысты азаматтарды кемсіту құралы ретінде қызмет етпеуі, белгіленген конституциялық құқықтарға нұқсан келтірмеуі, олардың іске асырылуына кедергі келтірмеуі және сот төрелігіне қол жеткізуді шектемеуі тиіс деп санайды. Мемлекеттік баждың мөлшері нақты және ақылға қонымды болуы керек, оны төлеу сот төрелігіне қол жетімділік принципін бұзатындай ауыртпалық түсірмеуі керек. Мемлекеттік баждың мөлшерін белгілеу кезінде көрінеу негізсіз талап-арыздар беруге және құқықты әртүрлі теріс пайдалануға жол бермейтін сот қорғауына жүгіну құқығын беру мен соттар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету арасындағы теңгерім сақталуға тиіс.

Конституциялық Сот Салық кодексінің 610-бабы 2-тармағының «осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде» деген бөлігіндегі ережесін Конституцияға сәйкес емес деп таныды, бұл әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауға конституциялық құқығына қысым жасауға және шектеуге әкеп соғады және үкіметке үш айдан кешіктірмей соттарда мемлекеттік бажды төлеу мәселелерін құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған тиісті заң жоба Парламент Мәжілісіне  енгізуді ұсынды.

Дата публикации
22 февраля 2023