Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2026 жылғы 9 маусымдағы № 84-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтың өтініш бойынша Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағы 2) тармақшасының Конституцияның 24-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексерді. Нормаға сәйкес квазимемлекеттік сектор жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуға тиіс.
Азамат сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін (пара беруде) кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалуына байланысты оны жұмыс беруші жұмыстан шығарған. Өтініш субъектісі электровоз машинисі болып жұмыс істеп, қазіргі уақытта мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастыру мүмкіндігінен айырылып отырғандықтан, дау айтылып отырған норма өзінің еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын бұзады деп ойлайды.
Конституциялық Сот бұл норманы қолданыстағы басқа да заң нормаларымен өзара байланыста қолдану қажет деп көрсетті. Мәселен, Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу белгіленген. Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыс субъектілеріне: (1) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар; (2) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар жатқызылған.
Осы адамдардың құқықтарын шектеудің айқындаушы өлшемшарты – олардың қызметінің функционалдық сипаты.
Демек, дау айтылып отырған норманы квазимемлекеттік сектор жұмыскерлерінің функционалдық мәртебесін ескермей, олардың барлығына қолдану еңбек ету құқығын шектеу аясын шамадан тыс кеңейтуге алып келеді.
Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасын Қылмыстық кодекстің және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның нормаларымен өзара байланыста мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды:
квазимемлекеттік сектор субъектісінің жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын міндетті түрде бұзу мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға қатысты ғана қолданылады.
Сонымен қатар, Үкіметке Конституциялық Соттың қабылданған қорытынды шешімін ескере отырып, заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылды.