Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 9 маусымдағы №83-НҚ нормативтік қаулысы

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2026 жылғы 9 маусымдағы № 83-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабы 1-2-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексерді. Азамат бұл норманың қолданылуына сот тәртібімен дау айтқан, алайда соттар оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан. Өтініш субъектісі дау айтылып отырған норма өзінің сөз бен шығармашылық еркіндігіне, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізуге және сот арқылы қорғалуға конституциялық құқықтарын шектейді деп есептейді.

Азамат дау айтып отырған Заң нормасына сәйкес кейінге қалдыруға болмайтын және ауыр, аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін жағдайларда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, оның орынбасарлары немесе аумақтық органдарының бастықтары не оларды алмастыратын адамдар кейіннен байланыс, масс-медиа салаларындағы уәкілетті органдарды және Бас прокуратураны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, жедел-іздестіру қызметінің барлық субъектілерінің мүддесінде байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді тоқтата тұруға құқылы. Осы шараларды қабылдау тәртібі Бас прокуратурамен келісу бойынша жедел-іздестіру қызметі субъектілері мен байланыс, масс-медиа салаларындағы уәкілетті органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-2-тармағында Конституцияға қайшылық жоқ деп санайды. Конституциялық бақылау органы заңда көзделген шектеулер ақпаратты еркін алу құқығын өз бетінше шектеуге емес, конституциялық құрылысты қорғауға, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталады деп атап көрсетті. Аталған шара уақытша сипатқа ие және адамды Конституциямен кепілдік берілген ақпаратты еркін алу және тарату құқығынан айырмай, жедел түрде құқыққа қайшы іс-әрекеттердің алдын алу немесе олардың жолын кесу үшін қолданылады.

Сонымен бірге Конституциялық Сот дау айтылып отырған норма баға беруші ұғымдарды нақтылауды, онда көрсетілген шараларды қолданудың ақылға қонымды уақыт шегін, шектеу өлшемшарттарын жария және жеке мүдделер теңгерімін бұзбай белгілеуді талап ететінін атап өтеді. Осыған байланысты Үкіметке заңнаманы жетілдіру туралы мәселені қарау ұсынылды.

Дата публикации
09 июня 2026