Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2026 жылғы 18 мамырдағы № 80-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 50-бабы екінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Дау айтылып отырған нормада әкімшілік қамаққа алу он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге, сондай-ақ осы жасқа толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға қолданылмайды деп көзделеді.
Өтініш субъектісі әйелдер үшін қамаққа алуды қолданбауға он төрт жасқа дейінгі баласының болуы жеткілікті негіз болса, ал ер адамдар үшін осы жастағы баласын жалғыз өзі тәрбиелеу фактісін растау қосымша талап қойылғандықтан, осы құқықтық реттеу заң алдында бәрі тең қағидатын және жынысына байланысты кемсітушілікке тыйым салуды (Конституцияның 14-бабының 2-тармағы) бұзады деп санайды.
Конституциялық Сот тексеру қорытындысы бойынша құқықтық реттеудегі айырмашылық жыныс белгілеріне емес, ата-анасының әрбірінің баласына үздіксіз күтім жасауды қамтамасыз етуге нақты қатысу дәрежесіне негізделеді және бұл кемсітушілік болып табылмайды деп атап өтті.
Дау айтылып отырған нормада қолданылатын «он төрт жасқа дейінгі бала» санаты осы жастағы баланың ата-анасының не оларды алмастыратын адамдардың үнемі күтіміне, тәрбиесіне және күнделікті өміріне қатысуына жоғары дәрежеде тәуелді екенін заңнамалық тұрғыдан тануды көрсетеді.
Кодекстің 50-бабының екінші бөлігінде көрсетілген саралау он төрт жасқа дейінгі бала өзін жеке-дара және тікелей күтіп-бағатын және қамқорлық жасайтын адамды оқшаулау салдарынан тиісті күтімнен және тәрбиеден шын мәнісінде айырылуы мүмкін жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Тең болу конституциялық қағидаты айырмашылықтардың объективті сипаты, ақылға қонымды негіздемесі болған және конституциялық маңызы бар мақсатқа қол жеткізуге бағытталған жағдайда құқықтық реттеуде оларды белгілеуге жол береді.
Құқықтар мен бостандықтарды кез келген шектеу заңды, қажетті және мөлшерлес болуға, сондай-ақ анық және болжамды құқықтық өлшемшарттарға негізделуге тиіс.
Сонымен қатар, ӘҚбК-нің 50-бабының екінші бөлігіне өтініш нысанасы шеңберінде жүргізілген талдау көрсеткендей, оның ережесі формалды айқындылық талаптарына сай келмейді және әртүрлі түсіндіруге жол береді.
Қаралып отырған норма құқық бұзушы мен бала арасында туыстық немесе өзге де байланыстың бар-жоғын айқындамайды, гендерлік белгіні (ер адамды) ғана көрсетіп қоя салады. Бұлайша жазып қоя салудан қамаққа алуға жататын субъект құрамына қатысты соттың аталған норманы әркелкі түсіндіру және әртүрлі қолдану тәуекелі, оған әкелерді ғана емес, балаға тәрбие беру функциясын орындап жүрген өзге адамдарды да (қорғаншыларды, қамқоршыларды және басқа адамдарды) жатқызу мүмкіндігі туындайды.
Норма «баласын жалғыз өзі тәрбиелеуші» өлшемшартының мазмұнын ашпайды, заңдық маңызы бар мән-жайлардың толық тізбесін айқындамайды және құқық қолдану практикасында оны анықтауға біркелкі тәсілді қамтамасыз етпейді.
Конституциялық Соттың пікірінше, сот қаулысын орындауды кейінге қалдыру қажетті шаралардың барлық спектрін қамтымайды және балаға (балаларға) әсері болуы мүмкін салдардың тігісін қиыстырып жібере алмайды.
Сонымен қатар, мұндай балаларға қамқорлықты қамтамасыз етудің арнайы құқықтық тетігі болмаған кезде уәкілетті органның әкімшілік жазаны орындатуы кезеңінде балалардың мүдделерін қорғауға бағытталған қосымша нормативтік реттеу қажеттігі туындайды.
Әкімшілік қамаққа алуды орындауды кейінге қалдыру балаға әсері болуы мүмкін салдарды толық көлемде жоймайды және оны қорғауды қамтамасыз етудің құқықтық тетігін алмастырмайды.
Конституциялық Сот қарау қорытындысы бойынша Кодекстің 50-бабының екінші бөлігін Конституцияға сәйкес келеді деп танып, Үкіметке – әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдардың санаттарына қатысты Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес әкімшілік қамаққа алуды қолдану мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруді қарау, ал Жоғарғы Сотқа істердің осы санаты бойынша сот практикасын жинақтап қорыту және тиісті түсіндірулер беру ұсынымы жасалды.