Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2026 жылғы 30 сәуірдегі № 78-НҚ)
Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған және 2026 жылғы 31 наурызда Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның (бұдан әрі – Конституциялық заң) Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Конституциялық Сот Парламент Палаталары Конституциялық заңды Конституцияда белгіленген рәсімдерді сақтай отырып және өз құзыреті шегінде бірлескен отырысында қабылданғанын атап өтті.
Конституциялық заң нормалары Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимінің мақсатын, міндеттері мен қағидаттарын, мемлекеттік басқару органдарының жүйесін, олардың құрылу тәртібі мен өкілеттіктерін, сондай-ақ жекелеген қызмет түрлерін құқықтық реттеу ерекшеліктерін және өтпелі ережелерді айқындайды.
Конституциялық Сот Конституциялық заң нормаларының басым көпшілігі 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституция (бұдан әрі – жаңа Конституция) ережелері ескеріліп кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі және онда Конституциялық заңда көзделген жаңашылдықтар үшін құқықтық негіздер қамтылады деп көрсетті.
Конституциялық бақылау органы Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру – Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары деп, адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту – мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп, сондай-ақ «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимін белгілеу мүмкіндігі бекітілген жаңа Конституция ережелері Конституциялық заңның іргетасы болып табылады деп ерекше атап өтті. Осы конституциялық ережелер Алатау қаласы әкімшілігі мен оның органдарының нормативтік құқықтық актілерін қабылдаған және іске асырған кезде мүлтіксіз сақталуға тиіс.
Конституциялық заңның бірінші кезеңде қолданысқа енгізілетін, бұрын жасалған инвестициялық шарттарға, келісімшарттарға және жер қойнауын пайдалануға берілген лицензияларға қатысты өтпелі ережелері тиісті құқықтық қатынастардың құқықтық айқындылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған және қолданыстағы Конституцияға қайшы келмейді деп атап өтілді.
Қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот Конституциялық заңды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп таныды.